Спортпен шыңдалған жас ұрпақ

Шымкенттің Абай ауданында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған футбол турнирі өтті. Жарысты аудан прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырды. Спорттық бәсеке арқылы оқушылардың бос уақытын пайдалы іске бағыттап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және спортқа қызығушылығын арттыруға басымдық берілді.
Турнирге аудандағы 38 мектептің оқушылары қатысты. Жас футболшылармен бірге аудан активі, спорт саласының өкілдері мен танымал блогерлер де жарысқа арнайы келіп, қатысушыларға қолдау көрсетті. Қонақтар жасөспірімдерді дене белсенділігін арттыруға, уақытын тиімді пайдалануға және күнделікті өмірде тәртіп талаптарын сақтауға шақырды.
Футбол алаңындағы бәсекеде оқушылар өзара түсіністік пен командалық ойын мәдениетін танытты. Әр команда жеңіске жету үшін тактикалық дайындығын көрсетіп, ойын соңына дейін белсенділік танытты. Спорттағы тәртіп пен жауапкершілік жасөспірімдердің күнделікті өміріндегі мінез-құлқына да оң әсер ететін маңызды орта қалыптастырады.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тек бақылау шараларымен шектелмейді. Баланың уақытын қалай өткізетіні, оның қандай ортада тәрбиеленетіні және қызығушылығын пайдалы бағытқа бұру да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда спорттық жарыстар оқушыларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, жауапкершілік пен өзара сыйластықты үйрететін алаңға айналады.
Турнир қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен командалар кубок, медаль, грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеке ойыншылардың өнері де назардан тыс қалмай, бірқатар қатысушы арнайы номинациялар бойынша аталып өтті.
Мұндай бастамалар Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын жас ұрпақ арасында насихаттаудың нақты бағыттарының бірі. Спортқа тартылған, бос уақытын пайдалы іске арнаған жасөспірімнің ортаға бейімделуі де оң сипат алады. Сондықтан мектеп, ата-ана, спорт ұйымдары және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.


