​Қайрат Дәлбеков: Cервистік полиция моделі қарқынды іске асырылуда

Oinet.kz 21-10-2021 1489

Түркістан облысында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен жыл басынан бері 67557  әкімшілік құқық бұзушылық пен 95 қылмыс анықталды. Ал облыс орталығы Түркістан қаласында бейнебақылау камераларының көмегімен 32424 әкімшілік құқық бұзушылық және 30 қылмыс дер кезінде белгілі болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда анықтау көрсеткіші артқан. 

Қайрат Дәлбеков.jpg

Қайрат ДӘЛБЕКОВ, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры

Азаматтар өтініш, арыз немесе жеке мәселесімен кез-келген уақытта сервистік полиция қызметіне жүгініп, тиісті көмек ала алады. Демек қылмыстардың ашылуы мен тіркелуінде стационарлық бекеттер іс жүзінде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Облыс аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында адамдар көп шоғырланатын жерлерде полиция департаментінің 13 стационарлық бекеті жұмыс істеп тұр. Оның ішінде қазіргі заманауи талапқа сай 6 стационарлық модульдік пункт тәуліктеп қызмет көрсетеді. Аталмыш бекеттердің барлығы заманауи техникамен, атап айтқанда  портативті бейнетіркеуіштермен, радиостанциялармен және планшеттермен жабдықталған. Тағы бір ерекшелігі стационарлық бекеттер сыртқы бейнебақылау камерасымен жабдықталып, жедел басқару орталығына қосылған. Олар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда, көшелерде қылмыстың алдын алу бойынша қызмет атқарады. Өңірдің тәртіп сақшылары полицияның сервистік болуын аса маңызды санайды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жұртқа жақын полиция қағидаты аясында қолға алынған маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөліп отыр.  

Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков халықаралық тәжірибеде сервистік полицияның тұжырымдамасы қабылданғанын айтады. Яғни сервистік полиция – полиция қызметіндегі қоғамдық бағдарланған тәсіл – басқару стилі, мәселені шешуге және қоғаммен серіктестікке бағытталған ұйымдастырушылық стратегия. Осы стратегия шеңберінде полиция қоғаммен тығыз өзара іс-қимыл жасауға, полиция қызметінің тиімділігі және нақты аумақта тұратын тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелерінің басымдылығы туралы халықтың пікірін ескере отырып, қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешуге бағытталған белсенді жұмыс моделіне бағдарланады. Полиция мен қоғамға қылмысты ашуда, құқық қорғау және қауіпсіздік мәселелерін шешуде ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. 

– Біздің құқық қорғау саласында реформа керектігі айтылып, қаншама маңызды жобалардың іске асырылып жатқаны жаңалықтар мен әлеуметтік желіден өздеріңізге жақсы таныс шығар. Алайда кейбір желі қолданушыларының өзі реформа дегенді жіті түсінбей, полицияны толығымен өзгертіп тастау керек деген пікірге ұштастырып жатады. Ал шын мәнінде реформа – ол сол қызметтің өркендеп өсуі мен дамуы үшін қажетті мән-маңызы мол ауқымды жобалар. Жобалар мамандардың идеясынан туындайды. Идея болса реформа жасалатын саланың жілігін шағып, майын ішкен маманның, жылдар бойы жинақтаған толымды тәжірибесі мен білім-біліктілігінің арқасында, саралай келе пайда болады. Егер осы сатылардан өтпеген идеялар туындап, жоба ретінде қолға алынса оның ғұмыры ұзақ болмайды. Тамыры тереңге бармай, дұрыс жемісін де жей алмайсыз. Сондықтан әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, өз еліміздегі сол салаға байланысты мәселелерді қарап, саралап, тиянақты тұжырым арқылы жобалар іске асуы қажет. Бұл уақыттың да, заманның да талабы. Демек реформа жасау жолындағы бүгінгі таңда біздің ішкі істер саласының үлкен жобасы ол – сервистік полиция. Бірінші кезекте сервистік полиция ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру мақсатында жасалып отыр. Яғни полицейлер барынша халыққа жанашыр, көмекші және қамқор болуы үшін «Жұртқа жақын полиция» қағидаты Жолдауда айтылып, іске асырылуы шегеленген болатын. Сондықтан Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Президенттің осы тапсырмасын республикамызда жүйелі түрде жүзеге асыру үшін тың жобаларды қолдауда. Міне оның ішінде осы «сервистік полиция» бар, – дейді генерал-майор Қ.Дәлбеков. 

Бүгінгі таңда сервистік полицияны киелі өңірде жүзеге асыру үшін бар мүмкіндік қолданылуда. Қарқынды даму жолындағы жаңа облысқа қоныс аударып, жұмысын жаңадан бастаған департамент штат санының толық болуы мен қаржының қажетті деңгейде бөлінуін маңызды санайды. Сондықтан мемлекеттің қолдауымен бұл мәселелерді тиімді шешу жолдары біртіндеп жүзеге асуда. Кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Ондағы басшылық пен қызметкерлер жеке құрамның этиканы толық меңгеріп, білім мен біліктілігін арттыруы бағытында жұмыс істеуде. 

«Қызметкерлердің жемқорлыққа бармауы, тосқауыл қою мен оның алдын алу, қоғам белсенділерімен және халықпен байланыста болу, арыз-шағымдарды кейінге қалдырмау, министрлік тарапынан берілген тапсырманы толығымен іске асыру мықтап қолға алынған және біздің тараптан қадағаланып тұрады. Құрамында ардагерлер, БАҚ өкілдері және органнан тыс маман иелері бар консультативтік кеңесші орган құрылған. Өзі заң қызметкері бола тұра заңбұзушылыққа барғандардың мәселесі міндетті түрде сол органның және тәртіптік комиссияның алдында қаралып, заңды шешім қабылданады. Баршамызға ортақ заң бар, яғни сол заң аясында мейлі ол лауазымды адам немесе құқық қорғау органының қызметкері, басшысы болса да жауапкершілікке тартылады. Тиісті шара көріледі», – дейді департамент бастығы. 

Президенттің учаскелік полицейлердің мәртебесін арттыру мақсатындағы тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Учаскелік полиция халықпен тікелей байланыс жасайтын құрылым болғандықтан олардың арыз-шағымды дер кезінде назарға алып, тірек пунктінде тиесілі жұмыстарды атқаруына, өзіне бекітілген аумақта қылмысты болдырмау, профилактикалық, қылмыстың алдын алу жолдарына ерекше мән берілуде. 

«Бірінші кезекте учаскелік инспекторлар өз аумағындағы күдікті, жәбірленуші туралы мән-жайға қанық болуы тиіс. Сондай-ақ учаскелік полицейлердің тірек пункттерінің жанына олардың тұратын үйі жапсарлас салынып жатыр. Бұл да полицияның дамуы жолындағы маңызды өзгерістер. Өйткені учаскелік полицейге жұмыс уақыты аяқталған сәтте арыз-шағымы бар жәбірленуші келе қалса, ол қиналмастан жұмыс орнына кіріп, арызын қабылдап алады. Мәселесіне баса мән береді. Халықтың арыз-шағымы кезек күтпеуі тиіс! Тағы бір мән беретін қадам, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында, қаңтардан бастап  азаматтардың конституциялық құқықтарына әсер ететін негізгі шешімдерді прокурорлармен келісу туралы қылмыстық процестің «үш буынды моделі» енгізілді. Осыған орай біздің тергеушілерге заманауи техникалар үлестірілді. Олар осы техникалар арқылы қылмыстық істі электронды түрде прокурорға келісуге жолдайды. Ал жолдаған істегі тергеушінің жазған жазбаларын жәбірленуші, адвокат пен күдікті сол мезетте электронды форматта танысып, тікелей көре алады. Бұл бағыттағы жұмыстар халыққа ашық әрі қолжетімді болу мен цифрлы технологияны қолдануға келіп саяды. Бастысы біз үшін Президентіміздің тапсырмасымен осындай ауқымды істерді орындап, сол арқылы халықтың полицияға деген сеніміне қол жеткізу. Қарапайым халықтың сенімінен шығып отырсақ, нағыз реформа сонда болмақ. Біздің бүгінгі таңдағы басты мәселеміз қылмысы аз облыста сервистік полицияны қарқынды түрде іске асыру», – дейді Қайрат Дәлбеков.

Айта кетелік, сервистік полицияны толыққанды іске асыруды қадағалау мақсатында киелі өңірге жасаған іссапарында Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев департаменттің жұртқа жақын болу бағытында іске асырған жұмыстарымен жіті танысып, оң бағалаған болатын.

З.ҚАМЫТБЕК,

Түркістан облысы, 

"Рейтинг" газеті, қазан, 2021 ж

Түркістан облысында бір тәулікте 10-нан астам алаяқтық жайты тіркелді
Шымкенттік бас дәрігердің ісі Жоғары сотта қаралады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу