«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы тұрақты бақылауда

Oinet.kz 06-04-2021 483

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында туған жерді, берекенің бастауы, салт-дәстүріміздің қаймағы сақталған - ауылдарды көркейту үшін нақты жобалар қолға алыну керектігі айтылған болатын. 

"Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі" деп жазылған Елбасы мақаласында. 

169244523_460192618521403_5392344939330750892_n.jpg

Осыған орай "Рухани жаңғыру" бағдарламасының «Ауыл- ел бесігі» арнайы жобасы аясында тіректі, спутникті ауылдарды дамыту көзделген болатын. Биыл Түркістан облысында  жобаны жүзеге асыру мақсатында жалпы тізімі анықталған 614 елді мекеннің 1 млн. 300 мыңға жуық тұрғыны  мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көргелі отыр. Айталық, 28 елді мекенде 118 жобаны іске асыруға республикалық бюджет есебінен 5,3 млрд.теңге бөлінген.  Бұл туралы  облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрғалығымен өткен жиында жан-жақты  баяндалды.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы тұрақты бақылауда. Мемлекеттік бағдарлама аясында аймақтағы ауылдардың ажары кіріп, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салалары нысандары жаңарып, жөнделуде. Ауыз су, жарық, табиғи газ, көлік инфрақұрылымы және жылумен қамтамасыз ету  салалары бойынша құрылыс, қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, білім саласында бір нысан жаңадан салынып, екі нысан күрделі жөндеуден өтеді. Әлеуметтік салалар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қосымша 42 елді мекендегі 200-ден астам жобаға ұсыныс беріліп, қолдау тапқан.  Нәтижесінде Келес ауданында жаңа мектептің құрылысы басталып, Түлкібас ауданында жаңа медициналық мекемелер мен үш ауылдағы ауыз су жүйелері жаңартылмақ. Созақ, Отырар аудандарында жаңа мәдениет ошағы салынып, Ордабасы ауданындағы Төрткіл ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешені бой көтереді. 104 ауылдағы ішкі көшелер жаңарғалы отыр. 

2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен жалпы 22,8 млрд.теңгеге 334 жоба іске асырылып, 300 мыңға жуық халық тұратын 72 елдімекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсаратын болады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда, мемлекеттік бағдарлама аясында 2022-2024 жылдарға іске асырылатын жобалар тізбесі қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Айдарға кіру
Ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына себепкер болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу