Тарихи құндылықтар қатары толығуда

Oinet.kz 18-05-2021 943

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлы дала елі» орталығында өткен «Ұлылардан қалған мұра» атты іс-шарада Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов өзінің жеке мұрағатында сақталған қазақ ханы Абылайдың Ресей патшайымы Анна Иоановнаға жазған хатының тұпнұсқасын орталық басшылығына салтанатты түрде табыс етті. Сапар барысында вице-министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, сол маңдағы этноауыл мен ботаникалық бақты аралап көрді. 

Screenshot_7.jpg

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов және БАҚ өкілдері қатысқан жиында Болат Анапияұлы рухани астанамыздың күн санап көркейіп, жанданып, қайта түлеп келе жатқаны Елбасымыздың осыдан үш жыл бұрынғы қабылдаған тарихи шешімінің жемісі екенін тілге тиек етті.

«Көне Түркістан шаһары небәрі үш жылдың аралығында адам таңғаларлықтай әсем де, көркі көз тартар шаһарға айналды. Таяуда ғана Түркістан – Түркі елдерінің мәдени астанасы атанып, Қазақ елінің нағыз мәдени, рухани орталығы екенін барша жұртқа паш ете бастады. Соңғы екі жылда қалада 200-ден астам мәдени, рухани, әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Осы ретте мен де бүкіл қазақ халқының терең тарихынан сыр шертер жәдігерлердің алтын ұясына айналып отырған «Ұлы дала елі» орталығына жеке мұрағатымда сақталып келген Абылай ханның орыс патшайымы Анна Иоановнаға жазған хатын тапсыруды жөн көрдім», – деді вице-министр Болат Тілепов.

 «Ұлы дала елі» орталығы былтыр қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласына сапары барысында ашылған болатын. Орталықтың негізгі мақсаты – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында атап өтілген тарихи құндылықтарды насихаттау. Орталық Қазақ хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи-заманауи залдан тұрады. Бірінші қабатта Түркістан қаласы түркі халқының рухани астанасы болғандықтан түбі бір түркі халықтарының баға жетпес құндылығы, Күлтегін ескерткішінің үшінші көшірмесі қойылған. Көне жәдігерлерді аралап көрген вице-министр орталық қызметкерлерінің жұмысына шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, ол «Керуен сарай» кешенін, Тұңғыш Президент саябағын, «Алтын Самұрық» театрын, фудкор аймағын аралап көрді. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Тарихи  сананы жаңғырту» атты екінші бөлімінде дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне  тікелей қатысты жұмыстарды бастауға бағытталған ірі жобаларды ұсынады. Адамзат баласы тарихындағы түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Яғни киелі Түркістанда классикалық философиялық, археологиялық, тағы да басқа бағыттарды кең өріс алдыру үлкен маңызға ие.

Жетісайда қоршаған орта күл-қоқыстан тазартылды
Ордабасы төрінде ұлттық дәстүр қайта жаңғырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу