Мұқтаж отбасыға жерлестері баспана сыйлады

Oinet.kz 14-06-2021 1284

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында: "Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды" деп жазды. Елбасы бұл мақаласында азаматтарды туған жерін сүюге шақырып, туған жеріндегі әрбір жерлесіне қамқорлық жасау керектігін айтады. 

Screenshot_2.jpg

Осыған орай, Шардарада баспанаға мұқтаж тағы бір отбасы өз алдына үйлі болып, қуанышы арта түсті. Отағасынан ерте айырылып, аурушаң балаларымен тұрмыс тауқыметін тартып жүрген Ұлданай Керімжановаға ағайындары бірнеше бөлмелі жер үй әперіп, үлкен тарту жасады. Қайырымдылық істерімен көптің алғысына бөленіп жүрген елжанды азаматтың бірі, еңбек ардагері Амангелді Саудабаевтың ұйытқы болуымен бір топ ағайындар осындай сауапты істі жүзеге асырды. 

– Су жүйелері мекемесінде қажырлы еңбек етіп, зейнетке шыққан соң Шымқалаға қоныс аударған Әсембек Тоқпанов ағамыздың баспанасы біраздан бері бос тұрған еді. Сол үйді Ұлданай келінімізге алып берсек қалай болады деп ақылдастық. Әсембек ағамыздың азаматтығы сол – баспананы ақысыз-пұлсыз тарту жасады, – дейді Амангелді Саудабаев. 

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып ауызбірлікпен тірлік істеуді әдетке айналдырған ағайындар сол үйге 700 мың теңгеге жөндеу жұмысын жүргізіп, жап-жаңа баспанаға айналдырды. Бұл жөндеу жұмысына Амангелді ағамыздың өзі бас болып, Мұрат Мәліков есімді кәсіпкер жігіт демеушілік жасады. Кешегі апта соңында баспананы Ұлданай Керімжановаға салтанатты түрде сыйға берді.

Сауапты тірлікке қатысқан қала әкімі Ережеп Бекет қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп отырған Әсембек Тоқпанов пен Амангелді Саудабаевқа, жеке кәсіпкер Мұрат Мәліковке Алғыс хат пен қоғамдық бірлестіктердің медальдарын көп алдында, елдің атынан рахмет айта отырып, табыс етті.

Шардаралық қарияларға құрмет көрсетілді
Мақтааралда Абай Құнанбаевтың алып ескерткіші бой көтерді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу