​«Түркілер төрі Түркістан» кітабы облыстағы мәдениет ошақтарына табысталды

Oinet.kz 16-06-2021 471

Screenshot_5.jpg

Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай Елбасымыздың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жазушы, Халықаралық «Түркі әлеміне қызмет», «Алаш» сыйлықтарының иегері Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі Түркістан» кітабын облыстағы мәдениет ошақтарына табыстау рәсімі өтті. 

Салтанатты шараға жазушы Мархабат Байғұт, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков және облыстағы кітапхана мен музейлердің басшылары қатысты.

Жиынды облыстық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, өнер бөлімінің басшысы Жанат Шардарбекова жүргізіп, жазушының жарық көрген жаңа туындысы жайлы кеңінен сөз қозғап, жиынның негізігі бағытына тоқталып өтті.

Шарада сөз алған қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев: «Көзі қарақты оқырманның сұранысымен екінші рет жарық көріп отырған бұл туынды бүгіннен бастап облыстағы барлық кітапханалар мен музейлер арқылы шалғайдағы кітапсүйер қауымға жол тарқалы тұр. Құрылғанына 3 жыл уақыт болған Түркістан өңірінің тарихы мен Түркі әлеміндегі алар орны жайлы айшықты жазылған бұл кітаптың оқырманға берері мол деп білемін. Түркістан облысының 3 жылдығын мерекелеу барысы осындай тағылымды шарамен басталып отырғаны өңір руханиятына ерекше серпін береді деп сенемін» деп алдағы уақытта бұл бағыттағы іс-шаралардың жалғаса беретіндігін жеткізді.

Іс-шараның ұйымдастырушылары мен кітапханашылар қауымына деген алғысын білдірген жазушы өз қолымен жарық көрген кітапты кітапхана, музей басшыларына арнайы табыстады. 

Сонымен қатар, шара барысында облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтетін «Түркістанның таңдаулы туындысы – 2021» акциясында биылғы жылы Мархабат Байғұттың шығармалары таңдалынып алынғаны айтылды. Акция аясында облыстағы оқырмандардың сұранысын зерделей келе жыл бойы оқырмандар арасында жазушының барлық туындылары насихатталып, кеңінен талқыланатын болады.

Сондай-ақ шара барысында Мархабат Байғұттың осы уақытқа дейінгі жарық көрген барлық кітаптары мен «Түркілер төрі Түркістан» кітабын жазуға негіз болған шығармалардың көрмесі ұйымдастырылды.

Түрленген, гүлденген Түркістанда айтыс ұлықталды
Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары қызу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу