Түркістанда Елбасы ескерткіші бой көтерді

Oinet.kz 03-07-2021

Түркістанда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылды. Еңселі ескерткіштің биіктігі – 4 метр, тұтастай қоладан құйылған мүсіннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш. 

Screenshot_7.jpg

Ескерткіш ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап жасалған. Түркістандағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орнатылған мүсіннің композициясында  «Ұлы Даланың Ұлы» атты Елбасы ескерткішінде қарт Қаратаудың сұлбасы бейнеленген. Автор Елбасының Қаратау жазығында шексіз далаға байыппен қараған сәтін суреттеген. 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтеріп, аталған идеяға түркістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер,  қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдірген болатын. Облыс әкіміне үндеу жазған тұрғындардың өтініш-тілектері Орталық  мемлекеттік органдар келісімімен жүзеге асты.  

Бұдан бөлек, Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан аталған бастамаға қатысты жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 1000 респондент қатысып, олардың 93% бастаманы қолдайтындарын білдірген болса, респонденттердің 4,5% қарсы, 2,5% бейтарап позицияны ұстанған.

Демеушінің қаржысына орнатылған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылуына Қазақстан халық әртісі, Мемлекет және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик,  химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, Қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Көпен Әмірбек, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Түркістан облысы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов қатысты. 

Шарада сөз алған Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев осындай елеулі сәттің куәсі болғанына қуанышты екенін жеткізді. 

«Түркістан өңірінің халқының өтінішімен, кәсіпкерлердің бастамасымен көне шаһарға жаңа леп әкелген, түркі интеграциясының іске асыру идеясына мұрындық болған, Түркістанға тарихи мәртебесін қайтарған Елбасының ерен еңбегін жоғары бағалай отырып, облыс орталығы Түркістанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл – тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, Қазақ елінде тыныштық пен берекені негіз еткен Елбасына алғыс ретінде және түркі елдерінің басын қосуға мүдделі болған түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрмет», – деді қоғам қайраткері.

Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары қызу
2 мыңға жуық тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан Түркістанда туризм дамуда


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×