Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің айғағы!

Oinet.kz 10-11-2022 261

62989346a267f.jpg

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Қазақстанның өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі – мемлекеттік нышандарды ұлықтаған салтанатты шара өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналған салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Жиында Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік нышаны – Мемлекеттік рәміздер» шығармашылық байқауы қорытындыланды. Үш бөлімнен тұратын байқауға 22 қатысушы құжаттарын тапсырып, әділ қазылар алқасының шешімімен «Рәміздер – мемлекет дамуының ажырамас бөлігі» мақаласы номинациясы бойынша бірінші орынды Сабырбек Олжабай иеленді. Екінші орын Үмітбек Бағдатұлына бұйырса, үшінші орынды Әбдісаттар Әліп жеңіп алды. Ынталандыру сыйлығына Сағыныш Асанова, Серік Гүлжан, Қуандық Балдырған ие болды. Ал, «Тәуелсіздік символы – рәміздер» тақырыбына әзірленген бейнероликтер байқауы бойынша ақын Дәурен Айманбет жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Дархан Балғынбек, үшінші орынды Әлия Ибрагимова иеленді. Мариям Абдуллаева, Ердәулет Сағындық, Фариза Табылдиевалар ынталандыру сыйлығының иегерлері атанды. Байқау жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов марапаттап, Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын атап өтті.

– Рәміздер тарихы алғашқы қоғамда тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасады. Мемлекеттік рәміздер – мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы. Біз осы қазақ халқының қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілерді қастерлеуіміз керек. Тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деп сөзін түйіндеді Сәкен Амангелдіұлы.

Атап өтейік, мамыр айының соңында Қазақстан Республикасы Рәміздерінің 30 жылдығына орай Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Созақ ауданындағы Арпаөзен бойындағы таңбалы тастарға тарихшы ғалымдар мен археологтардан құралған экспедиция шыққан болатын. Экспедиция сапарының қорытындысымен Рәміздер алаңында Арпаөзен петроглифтерінің суреттерінен фотокөрме де ұйымдастырылды.

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейді және оның ажырағысыз атрибуттарының бірі болып табылады. Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің айғағы, ұлттың символы!

Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері. ҚР Мемлекеттік Туының авторы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков болса, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Ал, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде қайта бекітілді және жаңа Гимн дәл сол жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде алғаш рет Гимн ретінде орындалды. Ән әлемінде өзіндік орны бар қайталанбас дара тұлға Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған Қазақстанның жаңа Гимнінің сөзін Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазды. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «QAZAQSTAN» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні дәстүрлі түрде жыл сайын мерекеленіп келеді. 


Аққұштап Бақтыгереева Түркістанда кітапханашыларымен жүздесті
«Қолөнер – халық қазынасы» жәрмеңкесі Отырарда өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу