«Қолөнер – халық қазынасы» жәрмеңкесі Отырарда өтті

Oinet.kz 11-11-2022 289

be52b7bbd4eb48e0e8075424a22ae268.jpeg

Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылындағы «Қолөнер – халық қазынасы» атты республикалық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі көпке ой салды. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңке мақсаты еліміздегі шеберлердің қолынан шыққан ұлттық бұйымдарды халыққа таныстырып, кеңінен насихаттау болатын.

Аталған шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сейітова Күміс Қарсақбайқызы ашып беріп, ұйымдастырушыларға министрдің атынан алғысын жеткізді. Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы диркторының міндетін атқарушы Жангелді Махашов және Бүкіләлемдік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхит өңірі бойынша вице-президенті, «Біздің мұра» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Республикасы Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова қолөнер шеберлеріне жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық жұмыстарына сәттілік тіледі.

Құттықтаулардан соң, шеберлердің туындыларын сарапқа салып, баға беретін әділ қазылар таныстырылып, республикалық жәрмеңкенің лентасы қиылды.

Жәрмеңкеде алуан түрлі сыйлықтар – зергерлік бұйымдар, керамика, былғары, ағаштан, тоқымадан жасалған бұйымдар қойылды. Ұлттық оюмен өрнектелген қазақи киімдер де жәрмеңкенің көркін ашты. Жәрмеңкедегі қандай да бір заттан қазақтың тарихы, тағдыры, тәлімі мен тәрбиесі, даналығы мен дала көңілі айқын көрініп, көздің жауын алды. Жалпы зергерлік бұйымдар, керамика, былғары, ағаштан, тоқымадан жасалған бұйымдар қойылған жәрмеңкеге 60 қолөнер шебері қатысты.

Жәрмеңкеге қатысқан 60 шебердің туындылары бағаланып, шеберлер марапатталды. Барлық шеберлерге сертификаттар беріліп, бірнеше шеберлерге олардың өнерпаздықтарын дамытуға ынталандыра отырып, ынталандыру сыйлықтары табысталды. Әртүрлі номинация бойынша да үздіктер анықталып, оларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді. Жүлдегі орын бойынша үшінші дәрежелі дипломды отырарлық шебер Құттығыз Палмахат және семейлік Нулай Сұлтанова иеленсе, екінші дәрежелі дипломды Ақтөбе қаласынан келген Атраубаев Болат жеңіп алды. Ал, бірінші дәрежелі диплом Түркістан қаласының шебері Тасов Қалмырзаға бұйырды. Ең үлкен жүлде қоры – Бас жүлдемен Алматы қаласынан ат артып келген Абдуайт Айжан марапатталды.

Мерекелік шара соңында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Жангелді Махашов тартымды да талғамды өткен іс-шараға қатысушыларға алғысын жеткізіп, музей қызметкерлерін министрдің марапаттарын табыс етті. Атап айтар болсақ, таныстырушы Әмзе Нұрсейіт Номанұлына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталса, бас есепші Айнұр Жүсіпқызы, ғылыми қызметкер Нұрлан Сералы, Гүлмира Арыстанбаевалар Құрмет граммотасымен марапатталды.

Бүгінгі жоғары деңгейде өткен республикалық маңызы бар бұл жәрмеңкеде ұлттық қолөнер бұйымдарының ешқашан бағасы бәсеңдемей, құндылықтары сақталатыны тағы бір дәлелденді.

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы ұжымы да жәрмеңкеге қатысқан алтын қолды шеберлерімізге және іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.


Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің айғағы!
Балалар би байқауы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу