«Әлиханның аманаты» Түркістанда сахналанды

Oinet.kz 14-11-2022 240

ali.jpg

Биыл елімізде Алашорданың 100 жылдығығы кең көлемде аталып өтуде. Қазақ халқының болашағына өлшеусіз үлес қосып, өз өмірлерін қатерге тіккен тұлғаларды бүгінде халық мақтанышпен айтып жүреді. Осы жылы Маңғыстау облысының Түркістандағы мәдениет күндері аясында «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» реквиемінің көрсетілімі өтті.

Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры сахналаған қойылымды Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қала тұрғындарымен бірге тамашалады.

Бұл туынды қоғам қайраткері, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ұлт көсемі Әлихан бастаған Алаш зиялыларының асқақ рухына және Алашорданың 100 жылдығына бағышталды. Қойылым қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған қыр баласы, елді еркіндікке жетелеген Әлихан бейнесі жайлы сыр шертеді. Қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының иегері Гүлсина Мерғалиева. Келуші көрермен қауым маңғаз Маңғыстау өнерпаздарына алғысын ұзақ уақыт қол соғумен білдірді.

2003 жылы есігін ашқан бұл театрға 2006 жылы Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрмұхан Жантөриннің есімі берілген. Театр түрлі жанрдағы спектакльдерді сахналап, көрерменге ұсынып келеді. Шығармашылық ұжым көптеген республикалық және халықаралық театр фестивалдері мен байқауларға қатысып, жүлдегер атануда. Театр қоржынында 90-ға тарта үлкендерге арналған, 20-ға жуық балаларға арналған спектакльдер бар.


Мархабат мақамдары...
Қазақ киносы Түркістанда түсірілген туындымен толықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу