Түркістанда облыстық жас термешілер байқауы өтті

Oinet.kz 26-11-2022 265

Бүгін Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерт залында облыстық «Бабадан қалған – асыл сөз» жас термешілер байқауы өтті. Аталмыш байқауды ұйымдастырушы Түркістан облыстық мәдениет басқармасы Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы биылғы «Балалар жылына» орай Түркістан қаласында жыл басынан бері  «Бал таңдай» облыстық балалар өнер фестивалін ұйымдастырып келеді.

Screenshot_34.jpg

Өнер байқауының мақсаты қазақ өнерінің жетістіктерін насихаттап, оның өркендеуіне ықпал жасау, балалар арасындағы терме өнерін дамыту, олардың кәсіби шеберлігінің өсуіне ықпал жасау, болашақта жас дарынды термешілерді анықтап, оларға қолдау көрсету, сонымен қатар оңтүстік өңірде қалыптасқан өзіндік дәстүрлі өнер мектебін көпшілікке паш ету, Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру, облыстың оң имиджін көтеру болып саналады.

Жыр додасын Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров ашып беріп, шараның маңыздылығына тоқтады. Оңтүстік өңірде кенже қалған терме өнерін дамыту керектігін алға тартып, осындай сайыстарды ұйымдастыру арқылы жас талант иелерін анықтай аламыз деді. Сондай-ақ қатысушыларға сәттілік тіледі. «Бабадан қалған – асыл сөз» облыстық жас термешілер байқауына 8-16 жас аралығындағы 14 үміткер қатысып, өнер көрсетті. Мұнда қатысушылар ереже бойынша екі шығарма, яғни оңтүстіктің мақымынан бір терме және еркін тақырыпта бір терме орындады. Байқаудың әділ қазылар құрамында жыршы-термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, қазылар алқасы төрағасы Абылай Бөріханов, термеші, республикалық байқаулардың лауреаты Руслан Ақынбеков, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Мұрат Жұманов бар. 


Әділ қазылар шешімімен Бас жүлде Түркістан қаласының өнерпазы Бердалы Орынбасарға бұйырды. Ал Отырар ауданынан Жолдыбай Ерзат І орын иегері, Сайрам ауданынан Нышанбай Сұлтанмұхамед пен Төлеби ауданынан Мұрат Нұрғиса ІІ орын иегері, Арыс қаласынан Абдрахман Арман мен Түркістан қаласынан Оспан Инабат ІІІ орын иегері атанса, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесі Түркістан қаласынан Арабдин Әселге, Майлықожа Сұлтанқожа атындағы арнайы жүлде Түркістан қаласынан Мералы Асылзатқа бұйырды. Байқау соңында қазылар алқасы қорытынды сөз сөйлеп, жеңімпаздарға арнайы статуэтка мен диплом және қаржылай сыйлық табыстады. Ал жалпы байқауға қатысқан 14 қатысушы жас өнерпаздарға жақында ғана Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағы мен қатысқаны үшін дипломдар берілді. 

Бұл жинақ 12 қазан күні «Farab» кітапханасында тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан болатын. Кітаптың тұсаукесеріне белгілі ақын,  Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов арнайы қатысқан еді.

 Қазақтың терме өнерін толықтырған бұл еңбек ұстаздарға, музыка мектебінің оқушылары мен колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне, өнерді жанына серік еткен барша қауымға арналған. Жинаққа Түркістан өңірінен шыққан Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Қызыл жырау, Құлыншақ Кемелұлы, Құтпай Дүрбаев, Қайыпназар Әйтпенов, Қасқырбай Серікбаев (Қасқыр ақын), Ағман Сабырханов, Жиенбек Шырынбеков, Әбдінәсір Әбдірайымов сияқты ақындардың сөздеріне мақам шығарып, ел ішінде орындап жүрген жыршы-термеші Тәшман Шекеров, Ергешбай Жұмабаев, Бауыржан Бекахметов, Сәкен Бегманов, Қанат Дауылбаев т.б. орындаушылардың нотаға түсірілген мақам саздары енгізілген. Сондай-ақ кітап заманауи ІТ-технологияларға сүйенген медиаконтентпен сүйемелденеді. Ерекшелігі сол, жинаққа енгізілген термелерді QR-код арқылы тыңдауға болады.  


Түркістандық оқушылар Түркиядан жеңіспен оралды
«Ұлы дала елі» орталығында тоғызқұмалақтан оқушылар арасында сайыс өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу