Талғат АЙТБАЙҰЛЫ: Бағалай білсек Еңбек Ері атанатындардың бірі де бірегейі Шерхан ағамыз болатын еді

Oinet.kz 13-12-2022 269

image.png

Түркістан қаласында Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиум өтеді. Іс-шараның мақсаты - Шерхан Мұртазаның жазушы, журналист, мемлекеттік қайраткер ретінде атқарған еңбектерін, әдеби-публицистикалық мұрасын дәріптеу, тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттау. Симпозиумға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияның белгілі  қаламгерлері қатысады деп күтілуде. Шараға көптеген қаламгерлерден Ш.Мұртаза жайлы естеліктер мен ғылыми жұмыстар кқптеп келіп түсуде. Бұл Шерағаның  өзі өлсе де, аты өлмейтіндігінің куәсі. Публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы жазушы туралы өз естелігін жолдады. 

«Біз өскен өңірдің жазы жаймашуақ, ал қысы адуын. Кейде апталап соғатын долы бораны бет қаратпайды-ау, бет қаратпайды. 

Адамның мінезі туып-өскен табиғатына тартады дейді. Жуалылықтардың көбінің мінезі тік, өжет, өршіл, бәлкім, айтқан бетінен қайтпай ожарланып кететіні содан шығар. Солардың бірі де бірегейі – ер Баукең атамыз. Табиғаттан тазалықты да қанына кең-молынан сіңірген дара болмысымен ел басына күн туған қиын-қыстау шақта қайталанбас ерлігі, небір күрделі, қысталаң жағдайдан алып шығатын қолбасшылық тапқырлығымен әлемге әйгілі болып қана қоймай, қазағын да танытты. Момышұлы деген тегімен-ақ өз ұлтын қаншалықты жақсы көретінін жарқыратып көрсете білді. Өкініштісі, ұлтымыздың мерейін асқақтата асырып, мәртебесін биіктеткен Бауыржан Момышұлына лайықты құрметімізді көзі тірісінде көрсете алмай, жасықтық таныттық. 

Ер Баукең қан-қасап майданда ерліктің ерен үлгісін қалай көрсетсе, бейбіт өмірде рухани әлемнің өшпес өнегесі бола білген журналистиканың жампозы, жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртаза ағамызды да өз дәреже, деңгейінде дәріптеп, құрметтей алдық па? «Жоқ!» дейді менің ішкі ойым. Егер бағалай білсек, қаламдастар арасында да, парламент мүшесі болғандардың ішінде де Халық Қаһарманы немесе Еңбек Ері атанатындардың бірі де бірегейі Шерхан ағамыз болатын еді-ау!.. 

Иә, талайлардың маңдайын семсер сөзімен сілейте соққан Ш.Мұртазаның өзі жазғандай, «Бір кем дүние» деген осы шығар...»,- дейді ол. 

Сүлеймен МӘМЕТ: Шер-ағаны іздейтінім бар
Шерағаңның шашылып түскен тiркестерi
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу