Шерхан Мұртаза шығармашылығының бастауы журналистикадан келді

Oinet.kz 15-12-2022 543

Screenshot_2.jpg

Түркістан қаласында өткен Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда студенттердің Шераға туралы жазған шығармалары  оқылып, оқ бойы озық шыққандар жүлделі орындардан көрініп, арнайы марапатқа ие болды. Назарларыңызға Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің гуманитарлық ғылымдар факультетінің журналистика кафедрасы студенті Асел Абилованың шығармасын ұсынамыз. 

"Шерхан Мұртаза шығармашылығының бастауы журналистикадан келді. Ресейдің мемлекеттік Мәскеу университетін «Саяси және көркем әдебиет редакторы» мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасынан бастады. Сол жылдары баспада Ғафу Қайырбеков, Қасым Қайсенов, Берқайыр Аманшин, Әбдікәрім Ахметов, Сәуірбек Бақбергенов, Амантай Байтанаев, Сейфолла Оспановтардың жұмыс істегені белгілі. Осы тұста ақын Ғафу Қайырбеков былай деп жазады: «Шерхан Мұртазаның барлық өмірбаян анықтамаларында бір жағдай айтылмай қалып келеді. Ол – оның алғаш Мәскеу университетін тәмамдаған соң осы күнгі «Жазушы» баспасында аз да уақыт болса қызмет істегені. Мен Шерханмен осы баспада кездестім». Ш. Мұртазаның: «1955 жылы мен оқу бітіріп Қазақтың көркем әдебиет баспасында қызметке келдім. Шет жерде оқығаннан соң мұндағы әдебиет дүниесінен алыстап қалғанмын, әрі десе жазушы да емеспін» — деп жазуының өзі алғашында баспа жұмысында аз ғана уақыт жұмыс атқарса да оңайға түспегендігін көрсетеді.

Суреткер Ш. Мұртаза қазақ әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, коғамдық мазмұны, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлде жаңа классикалық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірінің қатарынан көрінеді. Ол қоғамдық ойөрісі, дүниетанымы, тарихи мақсат-нысанасы, эстетикалық-көркемдік жүйесі – барлық сипат-қасиеттері өзгеше сөз өнерін қалыптастырды, қазақ әдебиетінде реализм әдісін берік орнықтырды. Ол өзінің туған халқына асқақ сүйіспеншілік сезіммен қарап, оның өміріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды.

Әр дәуірдің осындай бүтін бейнесін жасап берген жазушы бұрынғы-соңғы тарихта аз емес. Бірақ қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаны олардан ерекшелейтін бір қасиеті бар. Ол – осынау бес кітаптан тұратын ұзақ шығарманың өн бойында қалмай өзінше бір желі болып ілесіп отыратын аруақтар рухы. Аруақтарды бас кейіпкермен тең дәрежеде осылай ілестіріп отыру, оны шығарманың басты өзегі ету – Шерхан шығар­маларында ғана кездеседі.

Жазушы Әділ Дүйсенбек ширек ғасырдан бері өзінің әріптес ағасы – қазақтың біртуар ұлы, белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы шағын әңгіме-естеліктер мен эссе-новеллалар жазып келеді. Шерағаң туралы әрбір дүниені қызыға оқитын қалың қазақ автордың «Шерағамның шеруі» атты роман-эссесінде бұрын жарық көрген дүниелермен тағы да қауышатын болады. Түрлі тақырыптар мен шағын сюжеттерге құрылған оқиғалары қызықты да тартымды. Тілі де шұрайлы, ойы құнарлы. 

Соғыстың соңғы жесірінің тағдырын жеткізген
Қонаев және оның дәуірі тиянақты зерттеуді қажет етеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу