Төл теңгеміз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы

Oinet.kz 26-11-2022 338

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Төл теңгеміз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. Сонымен қатар экономикалық дамуымыздың басты кепілі. Еліміздің қаржы жүйесіне халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту міндеті жүктеледі»,- деп теңгенің мәртебесін одан әрі айқындай түскен болатын.

Ия, ел егемендігінің белгісі – мемлекеттік рәміздер ғана емес, сонымен қатар ұлттық валюта да тәуелсіздік атрибуттарының бірі. Ұлттық валютаны қалыптастыру көп күш пен еңбекті талап ететін күрделі үдеріс. Дегенмен, Қазақстан тәуелсіздігін алғанына 2 жыл толмай жатып, 1993 жылы 15 қараша күні теңгені ресми түрде ақша айналымына енгізіп үлгерді. Банкноталар Англияның "De La Rue" фабрикасында басылған болатын. Қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияда жүріп, банкноталарды жасауға біршама тер төкті.

 Содан бері елімізде бұл дата ұлттық валюта күні ретінде тойланып келе жатыр.  Осыған орай Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығында да мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, «Теңгелер сыр шертеді» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанаты өтті.

Аталған көрменің ашылу салтанатын тамашалауға Ұлттық банк пен Форте банктің өңірдегі өкілдері, қаланың ардагер әжелері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, қалалық Назарбаев зияткерлік мектебі мен қолөнер мектебінің оқушылары, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің, белгілі керамист Абай Рысбаев бастаған Түркістан қалалық педагогикалық колледжінің студенттері мен қала қонақтары, жалпы саны 200-ден аса көрермен келді. 

Салтанатты іс-шарада музей-қорықтың директоры Мәулен Садықбеков қонақтарды тәуелсіздіктің нышаны – теңге күнімен құттықтап, көрмені тамашалауға келген қаржы саласының қызметкерлеріне, ЖОО мен мектеп өкілдеріне елдің өркендеуі жолында қоян-қолтық жұмыс істеуге ұсыныс білдірді.

Көрме қонақтары Түркістан қаласының тарихынан сыр шертетін көне тиындар мен музей қорында сақталған өте сирек, тіпті бірегей үлгіде ғана кездесетін тиындардың түпнұсқасын тамашалауға мүмкіндік алды. Мектеп оқушылары тарапынан қазақ жерінде айналымда жүрген тарихи ақша түрлері мен 1993 жылы шығарылған Қазақстанның төл валютасы – теңгелердің алғашқы нұсқалары және олардың құндылығы жайлы көптеген қызықты сұрақтар қойылды. Тиісінше, қазақ теңгесі жайлы тың деректерге қанық болған мұғалімдер, оқушылар мен студенттер көрме ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

Теңге еліміздегі алғашқы ақша емес. Ежелгі Қазақстан аумағында ақша бұдан көптеген ғасырлар бұрын пайдаланылған. Сырдарияда, Отырар алқабында түркі билеушілері, ал Жетісуда түргештер 7-8 ғасырларда өз ақшаларын шығарған. Отырар мен Исфиджабта монет сарайлары жұмыс істеген. Оныншы ғасырлардың ортасы мен сегізінші ғасырларда қалалар тез өсіп, тауар өндірісі мен сауда көлемі ұлғая түсті. Ұсақ бөлшек саудада көбіне мыс фельстер қолданылды. Алтын монеталар да айналымға түсті, бірақ ол саудада дара түрінде ғана емес, салмағына қарай пайдаланылды: монетаны қажетіне қарай кесектеп сындыратын болған. Он төртінші ғасырдың соңынан бастап Қазақстанда Әмір Темір монеталары айналымға енді. Бұлардан басқа Қазақстан қалаларында саудада Самарқанд, Бұхара, Ташкент монеталары, негізінен, мыс динарлар пайдаланылды. Қазақстан ақшасының бұрынғы тарихы міне, осындай. Күрделі жиырмасыншы ғасырда Қазақстан біртұтас рубль аймағына кірді. Бұл 1993 жылдың қараша айына дейін, Қазақстан тәуелсіз ел атанғанға дейін жалғасты.

Төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталары еліміздің тариxын мейлінше терең таныта білген банкноталар болды десек қателеспейміз. Теңгенің қасбеттеріне еліміздің мәдени, саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалардың бейнесі басылса, сырт тұсына кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары енді. Банкноталардың дизайнын жасау барысында тариxи тұлғалар таңдалып болғаннан соң, суретшілер екінші проблемаға тап болды. Енді ол тұлғалардың шынайы түр-бейнесін табу керек. Қиындығы сол, тариxи тұлғалардың басым бөлігінің суреттері болмады. Мысалы, Әл-Фарабидің бейнесі қандай болғанын ешкім білмейді. Өз уақытында бұл сурет КСРО Ғылым академиясының стандарты болып бекітілген. Алайда оның өзін ғалымдардың шығармаларынан, мұрағаттан іздеп табу қиынға соқты. Әбілxайыр xанның суреті ағылшын саяxатшысы Аткинсонның жұмыстарынан табылды. Ал Абылайxанның бейнесі орыс көздерінен алынды. Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілxан Қастеевтен келді.

Қазіргі ақшамыз Алматыдағы банкнот фабрикасында шығарылса, монеталар Өскемендегі теңге сарайында соғылады. Теңге талай өткелектен аман өтіп, қаншама халықаралық экономикалық сынақтарға төтеп беріп келеді. Мемлекет саясатының орнықты жүргізілуі арқылы теңгенің тамырына қан жүгіртетін басты қор – отандық алтын-валюта қоры үлкен күшке ие болып, бұл азаматтар мен қаржы секторына зор сенім сыйлап келеді.

Айта кетейік, қазақстандық ақша әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі болып табылады. Үш жыл қатарынан олар әлемнің үздіктері деп танылды: 2011, 2012 және 2013 жылдары (10 мың, 5 мың және 1000 теңгелік банкноттар). 2007 жылы Ұлттық Банктің 2006 жылғы үлгідегі банкноттарының жаңа сериясы Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) берген Жылдың үздік жаңа сериясы үшін жүлдені жеңіп алды. 2007 жылы Бангкокта "Optiks" элементі бар 10 000 теңге номиналы үшін "үздік жаңа банкнот"номинациясында бірінші орын берілген. Сондай-ақ, 2016 жылы High Security Printing Europe конференциясында номиналы 20 мың теңгелік банкнот та марапатқа ие болды. Ол 2015 жылдың ең үздік аймақтық банкнотасы деп танылған болатын. Сол жылы IACA оны валюта саласындағы ең жақсы техникалық жетістігін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, 2000 жылдан бастап, Қазақстан теңге сарайы мен Ұлттық банк жыл сайын халықаралық байқауларға қатысады. Бүгінге дейін дизайн мен технологиялық жаңашылдығымен әртүрлі номинациялардағы 23 марапатқа ие болған. Ұлттық теңгеміз ТМД-да ең тұрақты валюталалардың бірі болып отыр.

Айта кетейік, бұл көрме 2022 жылдың 11 желтоқсанына дейін көрермендер назарына ұсынылатын болады.


Балаларға қуаныш сыйлады
Күлтөбе қалашығы – Түркістанның бастауы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу