Сайрамда «Болашақты нұрландыратын – Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шарасы өтті

Oinet.kz 14-12-2022 216

image.png

Бүгін ауданда Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде Тәуелсіздік күні қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен «Болашақты нұрландырған - Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шара атап өтілді. 

Шараға облыстық мәслихаттың депутаты Динара Егембердиева, «Түркістан облыстық мүгедектер қоғамы» жанынан құрылған «Нысана» қоғамдық бірлестігінің атынан Н.Жұмағұлов, аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшесі А.Таукеев, аудан әкімінің орынбасары Бахытбек Хасанов, "AMANAT" партиясы Сайрам аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Алмас Әдбіқадыров қатысты. 

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Нұрлыбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Сарыбеков, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және арнайы кітапхана қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылды. 

Мәдениет үйінің кіреберісінде балалардың қызығушылығын оятатын, танымдық әрекеттерін дамытатын арнайы кітап көрмесі орнатылды. 

Шара барысында әлеуметтік салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Бахытбек Сембекұлы құттықтап, өңірлік және жергілікті мүгедектер қоғамының басшыларына аудан әкімінің марапатын, сонымен қатар 20 жуық балаға ұлдар мен қыздарға арналған сөмкелер және тәттілерге толған қораптарды табыс етті. 

- Желтоқсан айының басында Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні аталып өтті. Тағдыр тауқыметін тартса да мойымаған батыл жандардың мерекесімен құттықтаймын! Бұл күн мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына назар аударуға және мүгедектігі бар жандар қоғамның барлық салаларына тең қол жеткізуін құру және қамтамасыз ету туралы еске салуға мүмкіндік беретін күнтізбедегі ерекше күн. Қамкөңіл жандарымызға тағы бір көз қырымызды салып, жанына желеу болуға мүмкіндік жасайды.

Осы күнмен қатар, алда келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, сый-құрмет көрсету үшін Сіздермен арнайы жүздесіп отырмын. Бүгін қоғамда көрсеткен белсенді еңбектеріңіз бен ауданның дамуына қосып отырған елеулі үлестеріңіз үшін алғысымды жеткіземін. 

Ата заңымызда мемлекеттің басты байлығы мен құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы туралы көрсетілгені бәріңізге белгілі. 

Қазіргі таңда Сайрам ауданында мүгедектігі бар 10 мың адамды құрап отыр. Олардың ішіндегі 1500-ы - 14 жасқа дейінгі балалар. Жалпы халықтың ішінде жылдан жылға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың толыққанды өмір сүруіне және қоғамда тең болуына кедергі келтірмейтін, яғни қолжетімді ортаны құруға тиіспіз. Кез келген жерде көмек пен қолдауды қажет ететін осы тұрғындарымызға қамқорлық көрсетіп, қолдағы бар мүмкіндіктерді жасап келеміз. 

Баршаңызды егемен еліміздің ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні тағы да шын жүректен құттықтай отырып, мүмкіндігі шектеулі болса да қоғам тіршілігінен тыс қалмайтын азаматтарымызға бір күн емес, өздеріңізге жыл бойы көңіл бөліп, мейірім мен қамқор танытуымыз қажет деп санаймын. 

Ата-аналар үшін де ерекше елеңдейтін күн. Сіздер балаларыңызға тәрбие беріп, өмірге бейімдеп жатқан еңбектеріңіздің жемісі мол болсын! Әрине, ата-ана ретінде балаларыңыздың болашағына үміт артып, сеніммен қарап тұрсыздар. Өсіріп отырған перзенттеріңіз көз алдарыңызда балғынды балалық шақтан өтіп, аман-есен жүріп, есейе берсін! Дендері сау, бақытты болсын! 

Әлеуметтік сала қызметкерлері Сіздердің тыныс-тіршіліктеріңізге араласып, саулық тілеп, өз көмектерін көрсетуде. 

Олай болса, бүгінгі мерейлі сәтте әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! 

Еліміздің Тәуелсіздігі ғұмырлы, Туымыз тұғырлы болсын!

Мереке құтты болсын!

Келесі кезекте «AMANAT» партиясы атынан халық қалаулысы Динара Егамбердиева ізгі тілегін жеткізіп, 20 мүгедектігі бар балаға тәттілері бар, жаңа жылмен әрленген қораптар мен «Ксюша» кондитерлік цехінің тәтті тағамдарын сыйға тартты. 

Шарада облыс және ауданның мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілдері аудан әкімінің орынбасары, әлеуметтік салаға және мәдениет салаларын басқаратын басшыларды алғыс хаттармен марапаттап, сыйлықтарын таратты. 

Осылайша, Балалар жылында және желтоқсан айындағы мерекелерге орай, балаларды қуантып қайтты.

Мүмкіндігі шектеулі балалар сахнаға шығып, мәнерлеп өлең айтып, «Ана туралы жыр» және «Мен бақытты баламын», «Рахмет саған, туған ел!» атты әсем әндерін салып, тамаша өнерлерін көрсетті.

Балғын балалардың өнерімен қатар, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, көпшілікті өздеріне тәнті етті. 

Сайрамда республикалық «Жаңа Қазақстанды жырлайық» атты аламан айтыс өтті
Қазығұртта «Парасат» пікірталас клубының кезекті отырысы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу