Қазығұртта «Парасат» пікірталас клубының кезекті отырысы өтті

Oinet.kz 15-12-2022 730

image.png

Қазығұрт ауданында халық пен биліктің арасындағы диалогты нығайтуға арналған «Парасат» пікірталас клубының кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан басшысы А.Абдуллаев, аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов, ҰҚК мамандары, жауапты сала басшылары қатысты. Жиынды, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубының төрағасы Ж.Құлжабаев жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде, Ауданымыздағы білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен өткен отырыстарда қабылданған шешімдердің орындалу барысы қаралды. Оның ішінде, жалпы орта білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардағы кемшіліктер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Кездесу барысында өткен отырыс төрағасы А.Өсербаев қабылданған шешімдердің орындалу барысымен және Ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Көшкінбай ауданымыз бойынша өткізілген іс шаралармен таныстырып өтті.

Өздеріңізге белгілі соңғы жылдары елімізде білім беру саласының дамуына мемлекет тарапынан көптеген қолайлы жағдайлар жасалуда. Өйткені сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу болашаққа жасалған басты инвестиция. 

Мемлекетімізде қазіргі таңда сапалы білім берумен қатар, болашақ жастарды рухани – адамгершілікке тәрбиелеудің де зор қажеттігі туындап отыр. Әлеуметтік жағдайлардың өзгеріске ұшырауы білім беру мекемелеріндегі және де отбасыдағы тәрбие жұмыстарын тоқырауға әкелді.Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында ауданымыздың белсенді зиялы қауім өкілдері өз ойларын ортаға салды. 

Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы А.Үйсімбаев білім сапасын арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, сонымен бірге білім беру саласына қатысты өзекті мәселелер жайын айтты.

А.Үйсімбаевтың айтуынша, Қазығұрт ауданы бойынша 7 мектеп салу қажеттілігі бар. Сондай-ақ, мектептердегі ішкі әжетханалардағы кәріз жүйесінен мәселе туындап отыр,68 мектептің 61-інде (90%) WiFi нүктелері орнатылмаған, мектептердің ішкі әжетханасының септиктерін тазартуға қаржы қарастырылмаған, ауданда 10 білім беру мекемесі ағымдағы жөндеуден өткізуді қажет етеді, мектептердің үш ауысымға өтудің алдын-алу мақсатында Сегізсай және Төменгі Шарбұлақ елді мекендерінен мектеп құрылысын салуға қаржы қажеттілігі туындап отыр дейді.

Өз кезегінде клуб мүшелері сұрақтарын қойып, түрлі ұсыныстарын ортаға салды. Айтылған ұсыныстар бақылауға алынды.

Айта кетейік, отырыс қорытындысы бойынша шешім қабылданып, кезекті кездесуде «Парасат» пікір талас клубы мүшелерінің дауыс беру нәтижесінде, Бекболат Абуов төраға болып сайланды. Клубтың отырысы ақпан айында «Аудандағы орын алып жатқан қылмыстық істердің алдын алу және АПБ-не қатысты өзекті мәселелер» тақырыбы талқыланатындығы бекітілді.

Отырысты қортындылаған аудан басшысы Арман Айдарұлы: «Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі оны қоршаған ортаға, әсіресе отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты. Тәрбие мәселесін тек мектеп пен ұстаздар қауымының мойнына арта салумен іс бітпейді. Оның нәтижелі болуы ата-аналар мен қоғамдық ортаның тәрбие ісінен шет қалмай белсене араласуына, адам тәрбиелеудегі жауапкершілікті бірлесе қөтеріп, жұмыла істеу қажет.Егеменді ел болып, етек-жеңімізді енді ғана жинап болған қазіргі шақта халқымыздың тәлім–тәрбиесін игерген, рухани бай, ел болашағын ойлайтын, парасатты да саналы азамат тәрбиелеу- әрбіріміздің басты міндетіміз»-деді.

Сайрамда «Болашақты нұрландыратын – Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шарасы өтті
Желтоқсаншыларға құрмет көрсетілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу