Спандияр Бекжігітов: «Кардиоорталықтың тыныс-тіршілігі әлемдік стандарттарға сәйкес»

Oinet.kz 23-03-2019 917

Screenshot_9.jpg

Спандияр Бекжігітов, Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихаттың депутаты:

«Кардиоорталықтың тыныс-тіршілігі  әлемдік стандарттарға сәйкес»

 Адам қуанышты да, қайғыны да жүрегімен қабылдайды. Жүйкенің тозуы, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттерге үйір болу бәрі-бәрі алдымен жүрекке салмақ салады. Сондықтан да болар,  жүрек дерті ең кең тараған аурудың түріне жатады. Өлім-жітім көрсеткішінде ол алғашқы орынды алады.

Қазақстанда жүрек-тамыр аурулары жиі кездескенімен, соңғы уақытта бұл саладағы медициналық қызмет көрсету мен бақылау сапасы артты. Сапалы дәрігерлік қызметтің арқасында жүрек дертінен болатын өлім-жітім біршама төмендеген. Жүрек ауруларын емдеу үшін еліміздің барлық өңірлерінде дерлік кардиологиялық орталықтар ашылды. Әрбір облыста мемлекеттік және жекеменшік ауруханалар жұмыс істей бастады. Ал кардиохирургия саласы бойынша еліміз  Орта Азияда алдыңғы орынға шықты. Жүрекке күрделі операциялар енді Алматы, Астанада ғана емес, облыс орталықтарында да жасала бастады. Денсаулық сақтау министрлігі елдегі 300-ден астам дәрігер-мамандарды әлемдегі ең мықты орталықтардан тәжірибеден өткізді. Жаңа заманауи техникалар сатып алынды...

Оңтүстік Қазақстан облыстық  кардиологиялық орталығы еліміздегі жетекші емдеу мекемелерінің бірі болып саналады. Кезінде Елбасының өз аралап көріп, өте жоғары баға берген мекеменің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтардан кейін облыстағы жүрек-тамыр ауруларының көрсеткіші қаншалықты жақсарды? Оған кардиологиялық орталықтың қосқан үлесі қанша? Біз осы жөнінде аталған орталықтың бас дәрігері Спандияр Бекжігітовпен сұхбаттасқан едік.

Алдымен  бас дәрігер туралы аз-кем мәліметтермен таныстыра кетейік.  Спандияр Бекіжігітовтің денсаулық  саласында жинаған тәжірибесі өте мол. Алматы медицина инситутын бітірген соң, білімін Мәскеуде жалғастырған. Еңбек жолын да сонда бастады. Әлемдегі ең жетекші медициналық орталықтардың бірі-- Мәскеу кардиология  ғылыми зерттеу институтында қызмет етті. Ғылыми диссертацияларын да сонда қорғаған. Бүгінде медицина ғылымдарының докторы, профессор. Обыстық мәслихаттың депутаты, мәслихаттағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі

«Халықты Алматы, Астанаға сабылтпауымыз керек»

--Спандияр Байжігітұлы, кейінгі жылдары елімізде кардиология саласына үлкен көңіл бөлініп келеді. Кардиологиялық қызметті сапалы жүргізу үшін жаңа техникалар сатып алынды. Мамандардың біліктілігіне де назар аударылды. «Алмақтың да салмағы бар» деген емес пе, атам қазақ. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың  нәтижесі қандай?

-- Құдайға шүкір дейік, бүгінде Қазақстан жан-жақты дамып, жылдан-жылға өзінің халықаралық беделін нығайтып, келешекке нық сеніммен қадам басты. Еліміздің тарихында сондай үкілі үміттер кезеңі басталды. Соның ішінде халық денсаулығын жақсарту бағытында атқарылып жатқан іргелі ұмтылыстардың қатарына кардиология және кардиохирургия саласын дамытуда қолға алынған үлкен тірліктерді айтуға болады.

Жалпы, біздің мақсат - кардиологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту. Ол үшін халықты Алматы мен Астанаға сабылтпай, барлық кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті халықаралық стандартқа сай деңгейде өзімізде көрсетуіміз керек. Бұл мақсатқа үкімет тарапынан да, жергілікті биліктен де кардиоорталыққа үлкен қаржылық көмектер көрсетілуде. Қысқасы, облыстық кардиоорталықтың қазіргі жағдайы әлемдік стандартқа сай деп айтуға болады.

Қорыта айтқанда, жоғарыда айтылған инновациялық жоғары технологиялық емдік шараларды енгізу нәтижесінде және кардиоорталықтың жетекшілігімен атқарылып жатқан облыстағы ұйымдастыру, профилактикалық аурудың алдын-алу іс-шараларының арқасында 2012 жылдың 7 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жүрек-қан тамырлары ауруынан болатын өлім-жітім 44 пайызға, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітім 53 пайызға төмендеді.

--Жүрек аурулары бұрын егде жастағы адамдар арасында кездессе, кейінгі жылдары ол жас талғамайтын болып жүр. Бұл дерттің жиі кездесуіне не себеп?

 --Оңтүстік Қазақстан облысында халық тығыз орналасқан. Өңірде 2 миллион 600 мыңдай адам тұрады. Әрине, көпшілік ортада түрлі аурудың белең алатыны белгілі. Дұрыс тамақтанбау, денсаулыққа көңіл бөлмеу, артық салмақ қосу, экологияның дұрыс сақталмауы секілді факторлар жүрек-қан тамырлары ауруларының көбеюіне соқтырады. Оның үстіне халқымыздың қанына сіңген жаман әдет – жұрт ауруы әбден меңдеген тұста, жан алқымға таянғанда барып дәрігердің есігін қағады. Мұндай кезде жәрдем беру ең білікті деген маманның өзіне ауыр соғады. Нәтижесінде, жүрек және қан тамыры ауруларының салдарынан еңбек қабілетін жоғалтушылар саны өсіп, мемлекетімізге орасан зор әлеуметтік және экономикалық зиян келтіріп отыр. Өкініштісі сол, еліміздің экономикасын дамыту үшін оған ең бірінші жұмысқа қабілетті, еңбекке жарамды адам факторы керек. Елбасымыздың өзі қазір демографиялық ахуалға басты назар аудару керектігін айтуда.

Сондықтан, мемлекетіміз қазір ең бірінші жүрек –қан тамырлары ауруларына қарсы шаралар ұйымдастырып отыр. Бұл салаға бөлініп жатқан қаржы да көп, атқарылып жатқан істер де жеткілікті.

«Бүгінге дейін 1155 операция жасалынды»

--Кардиоорталықта енгізіліп жатқан қандай тың тәсілдер бар? Жүрек ауруларын ерте бастан анықтау үшін диагностика саласын дамыту маңызды. Бұл бағытта қолға алынған тірлік бар ма?

--Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына байланысты нақты тапсырмалар береді. Соның нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге басты назар аударылуда. Соңғы үш жыл көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысында осы салада ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бұл ретте, облыс көлемінде кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметті ұйымдастырып отырған облыстық кардиологиялық орталықтың атқарып жатқан жұмысы зор. Кардиоорталық жедел жәрдем көрсететін мекеме болғандықтан, тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан, облыс бойынша кез –келген жедел- жәрдемге зәру ауыр науқастарды күндіз – түні осында әкеліп жатады. Кардиоорталықтың қызметкерлері керек болған жағдайда кез-келген қаладағы және аудандарға медициналық мекемелерге барып консультативтік көмек көрсетеді. Одан басқа орталықта консультативті-диагностикалық емхана бар, оған әрбір медициналық мекеменің жолдамасымен науқастар келіп, диагностикалық және емдік кеңестер ала алады.

Қазіргі уақытта кардиоорталық халыққа мамандандырылған көмек көрсету жөнінде инновациялық технологияны пайдалана отырып соңғы диагностикалық және емдік әдіс –тәсілдерді қолданып жатыр. Соңғы жылдары кардиоорталық бірқатар диагностикалық анықтау және емдеу аппараттарымен жабдықталды. Бүгінгі күні жүрек-қан тамырлары ауруының кез-келген түріне диагноз қойып, жоғары дәрежеде емдік шараларын жасауға мүмкіндігіміз бар. Осы ретте әрқайсысы 200 миллион теңгеден астам тұратын ангиографиялық қондырғылар әкелінді. Олар тәулік бойына қалыпты жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен жүректің тікелей тамырларын тексеріп, қай жері қысылып, бітеліп тұр, соларды анықтап, ашып, стент қою операциялары жасалынуда. Айта кету керек, жүрек ауруының көбісі дәрі-дәрмекпен емделмейді. Оған тек операция жасау арқылы ғана көмектесуге болады.

--Жалпы кардиохирургия облыстарда енді қанат жайып келе жатқан саланың бірі болып табылады. Жүрекке ота жасайтын мамандарды даярлау, олардың біліктілігін көтеру бағытында нендей шаралар атқарылып жатыр? Қолданысқа енгізіліп жатқан жаңа технологиялар туралы не айтасыз?

--Жалпы кардиоорталықта 132 төсек-орын болса, оның 32-сі кардиохирургиялық бөлімше. Кез келген күрделі операцияны жасайтын 2 ота жасау блогы бар.

Бүгінгі күнге дейін кардиоорталықта жүрекке байланысты 1155 операция жасалынды. Яғни, 1155 жүрек қайта соқты десек те болады. Бұл орталықта Қазақстан, Ресей, Польша, Түркия, Литва, Германия және Израиль клиникаларында дайындықтан өткен мамандар бар. Біліктілік дәрежелері жоғары. Олар жүрекке жасайтын операциялардың барлық түрін меңгерген.

Былтырғы жылы Орталыққа 239 миллион теңгеге аритмияны емдейтін жаңа қондырғы сатып алынды. Соның көмегімен жүректің ішіндегі электрофизиологиялық өзгерістерді зерттеу, жүрек ырғағы

бұзылған науқастарға электрокардиостимулятор қою, сонымен қатар күрделі аритмияларға радиожиілікті аблация операциялары жасалынуда. Бұл уақытқа дейін мұндай операциялар тек Астанада ғана жасалынатын. Биылдың өзінде жүрегінің ырғағы бұзылған 88 науқасқа операция жасалынды.

2011 жылы наурыз айында кардиоорталықта аймақтық деңгейде бірінші болып балалар кардиохирургиясы бөлімшесі ашылды. Республика бойынша дүниеге келетін сәбилердің 25 пайызы біздің облыста туылады. Алайда қазір 3000-ға жуық жүрек ақауымен туылған сәби есепте тұр. Оның 75 пайызы операцияны қажет етеді. Жалпы бүгінгі күні кардиоорталықта 262 сәбиге операция жасалынды. Одан бөлек 17 баланың жүрек ақауына тамырішілік катетр арқылы Окклюдер Amplazer қалқаншасы қойылды. Нәтижелері өте жақсы. Сонымен қатар кардиоорталықта жүрек ишемиясы бар науқастарға эндоваскулярлық стенттеу операциялары жақсы дамыған. Бүгінгі күні 1200 науқастың жүрек тамырына стент қойылды.

--Жалпы, жүрек-тамыр ауруларының алдын алу үшін не істеу керек? Білікті дәрігер ретінде жұртшылыққа қандай кеңес берер едіңіз?

--Әркімнің денсаулығы өз қолында. Ең бастысы, адамдар өзара түсіністікте әрекет етіп, әр істе сабыр сақтай білуі керек. Сонда ғана жүрекке салмақ түспейді.

--Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы

Мұрағаттан, 23.10.2012 ж

«Мәйітті екі рет қайта қазып алуға мәжбүр болдық»
«Чимкент» қалай «Шымкент» болып өзгерді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу