Шымкент қаласында 67 үйді пайдалануға беру көзделген

Oinet.kz 18-05-2023 134

Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов шаһарда салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. 

Screenshot_28.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаулары мен Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны халықты тұрғын үймен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, жалпы қала мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру. Яғни, мұның барлығы құрылыс саласымен байланысты екені де белгілі. Осы реттен Шымкен қаласында тиісті жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда. 

Басқарма басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, биыл құрылыс басқармасы тарапынан концепция аясында мемлекеттік бюджет есебінен жалпы құны 12,9 миллиард теңгені құрайтын 3342 пәтерлі 72 көпқабатты тұрғын үйдің ( 254,2 мың шаршы метр) құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, арендалық 29 үй (1364 пәтер), кредиттік 43 үй (1978 пәтер) салынбақ. Жыл қорытындысы бойынша 3072 пәтерлі 67 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген.  

Басқарма басшысы Бейімбет Майлин көшесіндегі төртінші ғимаратта орналасқан балалар шығармашылық орталығының құрылыс жұмысымен танысып, құрылыс сапасын қадағалады. Бұл ғимарат 150 оқушыға арналған. Нысанда жеке және топтық оқу бөлмелері, 215 орындық концерт залы, көрме залы, дәрігер бөлмесі, асхана қарастырылған. Нысанды өндірістік кестеге сәйкес ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға тапсыру жоспарланған. 

Сонымен қатар, Мадияр Байымбетов «Металлург» стадионында жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстарының да барысын көрді. Озық үлгідегі ғимаратта әкімшілік-тұрмыстық корпустан бөлек спорт залдар, спорттық тренажерлер алаңшасы мен бір жарым мың орындық трибуна қарастырылған. 

- Ендігі ретте құрылыс сапасын жақсарту бағытында тапсырыс беруші мен мердігер мекеме арасындағы келісімшартты күшейту мақсатында қосымша талаптар қарастырылып отыр. Мердігерге 21, техникалық қадағалаушыларға 15, авторлық қадалаушыға 7 қосымша талап енгізілді. Сонымен қатар, әр нысанға бекітілген техникалық қадағалаушы санын 3 есеге арттыру, құрылыс барысын тәулік бойы онлайн бақылау, құрылыс-монтаж кезеңінде терезе айналасына қосымша изоляциялық пленка жабыстыру сынды талаптар бар. Анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары да тиісті деңгейде орындалуда. Бұдан бөлек, қалада тұрғын үй құрылысы бойынша жүйелік өзгерістер қолға алынған. Атап айтқанда, мердігер компаниялар қасбеттерге заманауи материал, композитті панель қолдану, түнгі жарықтандыру шамдарын орнату, кіреберістің бірінші қабатындағы интерьерді заманауи үлгіде сәнді әрлеу, автоматты суару жүйесін орнатуға назар аударуы тиіс - деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек Түркістан көшесі бойында 4 автомобильге арналған депо салынуда. Соңғы үлгіде жабдықталатын ғимаратта қызметкерлер кабинеттерінен бөлек акт залы, қоймалар, оқу сыныбы, мұрағат пен асхана қамтылған.  Басқарма басшысы мердігерлерге құрылыс нысандарының сапасын қатаң бақылап, жұмыстардың өндірістік кестеге сай орындалуын тапсырды.

Шымкент қаласының әкімі аудан тұрғындарымен кездесті
Шымкент қаласында көгілдір отынмен қамту жұмыстары жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу