Шымкент қаласында «Электрзавод сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс қуатын арттыруда

Oinet.kz 18-05-2023 185

Шымкент қаласының индустриалдық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, мұнай өндірісі, электр жабдықтары мен құрылыс индустриясы дамып келеді. 

Screenshot_55.jpg

Бүгінгі таңда кіші кәсіпорыннан алпауыт зауытқа айналған зауыттар аз емес. Соның бірі – Шымкент қаласындағы индустриалдық аймағында орналасқан «Электрзавод сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жылына 1200-ге жуық трансформатор шығарып, ішкі нарықты 8-10 пайыз өз өнімімен қамтып отыр. Аталған серіктестік бүгінде Түркістан облысы бойынша электроқалқан өнімін шығаратын ірі кәсіпорынның бірі. 

«Электрзавод сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Нұрбол Еребаевтың айтуынша, зауытта электр жабдықтарының 100-ден астам түрі шығарылады. Металл құрылымдарын корозиядан қорғау үшін, әрі 15-20 жыл тоттанудан сақтандыру мақсатында еуропалық бояуларды қолданады. Зауыт өнімі сапа жағынан әлемдік сапа стандартына сәйкес келеді. Жалпы алғанда кәсіпорын өнімдері кәсіптік қызмет көрсету және тұрғын үй шаруашылығынан бастап Отандық өндірістің барлық салаларында қолданылады. Зауыт өз өніміне үш жылға дейін кепілдік береді екен.

Кешенді трансформатор подстанциясы, электр қалқан мен электр құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт өз өнімін үнемі сынақтан өткізіп  тұтынушысына ұсынады. Сонымен қатар тарату желілері бойынша сыртқы және ішкі жарықтандыру электр желілерін іске қосу, жабдықтау құрылыс жұмыстарын атқарады.    

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Біз де мемлекеттің қолдауы аясында кәсібімізді 2021 жылы бастадық. Алғашында ғимаратты жалға алып, бұрын осындай зауытта жұмыс істеген таныстарымызды жұмысқа шақырып, кәсіпті бастап кеткен едік. Алғашында 150 трансформатор жасап шығардық. Былтыр өндіріс көлемін үш-төрт есеге арттырсақ, биыл толық қуатына шығуды көздеп отырмыз. Қазір зауытта 80 адам жұмыс істейді. Индустиалды аймақтан жер телімін алып, өз зауытымызды, басқару ғимаратын салып, кәсібімізді кеңейтудеміз. Шымкент қалалық әкімдігінің қолдауы арқасында бар қиындықты артқа тастап, өнім көлемін арттырып қана қоймай сапаға жұмыс істеудеміз, - дейді «Электрзавод сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Нұрбол Еребаев.

Зауыт тапсырыс берушінің сұранысына қарай трансформатордың жүздеген түрін жасап бере алады екен. 04 киловаттан бастап 500 киловатқа дейінгі трансформаторларды жабдықтауға қауқарлы. Осындай өндірісі ошағында бір ғана өнім емес, электр құралдарының басқа да барлық құрал-жабдықтары шығарылуда.

«Зауытта 80 адам жұмыс істесе, өнімді тарату, орнату сынды құрылыс жұмыстарымен сыртта 20 жұмысшы айналысады. Мамандарымыздың ішінде шет елдерде білім алған, осы саланы жетік меңгергендер бар. Өзіміз де жас мамандарды оқытып, білімдерін жетілдіріп отырамыз. Өйткені дамудың жолы білімді жетілдіріу арқылы келетіні белгілі»,- дейді серіктестік құрылтайшысы.

Бүгінгі таңда ішкі нарықта алар орны айрықша кәсіпорын өнімін экспортқа да шығаруда. Оның өнімі Ресей, Қырғыз бен Өзбекстан мемлекеттеріне шығарылыуда. Алдағы жоспарымен бөліскен кәсіпорын құрылтайшысы алдағы уақытта экспорт көлемін ұлғайтып, алыс шетел нарығына шығуды көздеп отыр екен.   

Шымкент қаласында Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі жаңғыртылады
Шымкент қаласында «Шымкент химиялық компаниясы» ішкі нарықтың 80 пайызын өз өнімімен қамтуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу