Түркістан: Тазалық пен тәртіпке қатысты бақылау күшейді

Oinet.kz 01-07-2025 14

5.jpg 

Түркістан облысында экологияны жақсарту, елді мекендерді көгалдандыру мен қоқыс полигондарын ретке келтіру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып, облыс әкімдігі тарапынан бұл салаға қатаң бақылау орнатылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте көктемгі-күзгі ағаш отырғызу маусымының нәтижелері, алдағы жоспарлар мен полигондарды санитарлық талаптарға сәйкестендіру мәселелері жан-жақты қаралды. Өңір басшысы экологиялық жағдайды жақсарту – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға тікелей әсер ететін маңызды міндет екенін атап өтті.

Биыл облыс көлемінде 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспары белгіленген. Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің айтуынша, көктемгі маусымда 439 965 түп көшет егілген. Бұған қоса, аудан, қала әкімдіктерінің бюджеті мен демеушілер есебінен 69 874 түп көшет қосымша алынған. Жалпы алғанда, көктемгі кезеңде 510 мың түпке жуық көшет отырғызылды. 2021–2025 жылдарға арналған жоспар бойынша облыстың 801 елді мекенінің 90 пайызын көгалдандыру көзделіп, 4 миллион түп көшет отырғызылуы тиіс.

Алайда атқарылған жұмыстардың сапасына келсек, бірқатар аудандарда көшеттердің өнімділігі көңіл көншітпейді. 2024 жылдың күзгі және 2025 жылдың көктемгі отырғызу жұмыстарының жалпы нәтижесі 63,5 пайызды ғана құрап отыр. Арыс, Түркістан қалалары, Созақ, Келес, Ордабасы, Шардара аудандарында көшеттердің жерсіну деңгейі жоғары болса, Сарыағаш, Бәйдібек, Отырар және Жетісай аудандарында көшеттер дер кезінде алынбаған, отырғызу жұмыстары кешігіп басталған, ал суару мен қоршау шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Сонымен қатар, Кентау қаласы, Мақтаарал, Сауран, Сайрам, Түлкібас және Төле би аудандарында басқарма тарапынан берілген көшеттерге тиісті күтім жасалмаған. Мұндай немқұрайлыққа жол берген әкімдіктерге қатаң ескерту жасалды.

Арыс қаласының тәжірибесі өзгелерге үлгі боларлық. Бұл қалада көгалдандыру жүйелі жүргізіліп келеді. Елді мекендердің 50–60 пайызы өздерінде өсірілген көшеттермен қамтамасыз етілуде. Суару жүйелері толық қамтылып, қажетті техникалық құралдар мен арнайы цехтар жұмыс істеп тұр. Суару күні-түні, ауысыммен ұйымдастырылып, көшеттерге тұрақты күтім жасалуда. Облыс әкімі бұл үлгіні барлық аудан, қалаларда енгізуді тапсырды.

Мәжіліс барысында өңірдегі қоқыс полигондарының жағдайы да кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін 128 полигон белгіленген. Алайда олардың 70 пайызы санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Бұл халықтың денсаулығына қауіп төндіріп, қоршаған ортаға зиян келтіретін басты факторлардың бірі болып отыр. Облыстық бюджет есебінен 2024 жылы үш полигонның құрылысына 598 млн теңге бөлініп, жаңадан санитарлық талаптарға сәйкес нысандар салу көзделген. Жалпы, полигондарды ретке келтіру мақсатында 16 жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған.

Еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының спутниктік түсірілімдері негізінде облыс аумағынан бейберекет тасталған 107 қоқыс нүктесі анықталды. Оның 81-і жойылып, қалған жерлерде қалдықтарды тазалау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі "нөлдік төзімділік" қағидатын ұстанып отыр. Яғни, кез келген құқық бұзушылыққа, соның ішінде экологиялық заңнаманы бұзуға жол берілмейді. Қалдықтарды бей-берекет төгу, көшеттерді күтіп-баптамау, қоғамдық орындарды ластаған азаматтар заң аясында жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл ретте жергілікті полиция, табиғат қорғау инспекциялары мен әкімдіктерге ортақ міндет жүктеліп отыр.

Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық аудан, қала әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріп, экологиялық мәселелерге салғырт қарауға жол берілмейтінін ескертті. Табиғатты аялау – ел болашағына жасалған инвестиция. Ал оған немқұрайлы қарау – ұрпаққа жасалған қиянат. Осы тұрғыда Түркістан облысы елді мекендерін көгалдандыру, қоқыстан тазарту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау жолында нақты әрі жүйелі жұмыстарын жалғастыра бермек.

Сондай-ақ, Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кең көлемді және жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтармен күресу, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және халықтың экологиялық мәдениетін көтеру. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігі тарапынан жол картасы негізінде жүзеге асырылуда.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірде нақты шаралар қолға алынып, жол картасы аясында 88 іс-шара жоспарланған. Оның ішінде 38 іс-шара тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл тек сенбілікпен немесе маусымдық тазалықпен шектелмей, өңірдің экологиялық жағдайын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған нақты әрі ұзақмерзімді жұмыстар жиынтығы. Облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлының төрағалығымен өткен жиында осы бағдарламаның орындалу барысы кеңінен талқыланып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

«Президент тапсырмасын тиісті деңгейде орындамаған, сапасыз атқарған тұлғаларға шара көріледі. Бұл бағдарлама тек сенбілікпен шектелмеуі керек. Формальді есеп қажет емес. Тазалық іс-шараларын сапалы жүргізіп, тұрақты жалғастырыңыздар», – деп атап өтті облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Жиында «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, өңірдегі тазалық шараларының орындалу барысын таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда барлық аудан-қалаларда апталық сенбіліктер өткізіліп, көшелер мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда кейбір өңірлерде жұмыстар тек беткі деңгейде жүргізіліп, терең экологиялық көзқарас қалыптаспай отырғаны байқалады.

Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, халықты ақпараттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, еріктілер мен кәсіпкерлерді тарту, азаматтық белсенділікті арттыру бағыттарында кейбір аудандар мен қалаларда кемшіліктер орын алуда. Мәжіліс барысында осы олқылықтардың орнын толтыру үшін нақты тапсырмалар беріліп, әр өңірден тұрақты есеп талап етілетіні ескертілді.

Сонымен қатар, облыстағы демалыс орындарындағы тазалық мәселесі де күн тәртібінен түспей отыр. Облыс әкімдігі жағажай иелеріне заң талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, санитарлық талаптарды бұзғандарға айыппұл салу шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, қоқыс контейнерлерінің санын көбейту, арнайы ескертпе белгілер мен тазалық ережелері жазылған ақпараттық тақтайшалар орнату міндеттелді.

Демалыс аумақтарында тәртіп сақтау мақсатында жергілікті полициямен бірлесе рейдтік іс-шаралар өткізу, бейнебақылау камераларын орнату мәселесі де көтерілді. Бұл шаралар қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтау үшін тиімді құралдардың бірі болмақ.

Жыл басынан бері облыс бойынша қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты 13 757 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 328,4 миллион теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 181,2 миллион теңгесі мемлекет пайдасына өндірілген. Бұл – облыста тазалық пен тәртіпке қатысты бақылаудың күшейгенін көрсетеді.

Алайда, ауылдық округтер мен шалғай елді мекендерде бейберекет қоқыс тастау әлі де шешімін таппай отырған өзекті мәселелердің бірі. Рейдтік шаралар барысында Түркістан облысының әр аумағынан 184 заңсыз қоқыс орны анықталған. Ең көп заң бұзушылық Түркістан және Кентау қалалары, сондай-ақ Түлкібас, Шардара, Сауран аудандарында тіркелген. Бұл – тұрғындардың экологиялық жауапкершілік деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетеді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жол картасында белгіленген іс-шаралардың орындалуы облыс әкімінің тікелей бақылауында. Бағдарлама тек көрнекі сенбіліктермен шектелмей, қоршаған ортаны қорғауға, санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді бастама ретінде жалғасатын болады. Ал бұл жолда жауапсыздыққа, немқұрайлылыққа жол берілмейді. Кімде-кім Президент тапсырмасын формальді түрде орындауға тырысса, нақты жауапкершілікке тартылады.

Өңір басшылығы тарапынан қолға алынған бұл шаралар – Түркістан облысының экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыруға және санитарлық тәртіпті сақтау мәдениетін күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Жол картасында көзделген шаралардың толық әрі сапалы орындалуы – бүкіл облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі тетігі болып табылады.


Заңсыз кеурек қазған шетелдіктер ұсталды
Түркістан өндіріс орталығына айналады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу