Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде
Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында жарияланған ақпаратта айтылғандай, қалалық «Әль-Фараби» кітапханасында дөңгелек үстел өтті.
Онда жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды. Дөңгелек үстелдің ұйымдастырушылары Шымкент қаласы білім басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесі.
«Жаңа оқу жылына – жаңа қарқынмен» тақырыбында өткен іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қадырбек Бөрібеков, сондай-ақ білім басқармасы мен оған қарасты ұйымдардың басшылары, ардагер педагогтер қатысты.
«Біздің бұл дөңгелек үстелде көздеген басты мақсатымыз – ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзі қазақтың әр азаматына ой салып, биік армандарға жетелейді. Адамның қанында ұлтқа жанашырлық, ұлтқа деген перзенттік махаббаты қайнап жатса, ұлтқа қызмет етпей қоймайтыны анық. Осы мақсаттың жүзеге асуы үшін Президентіміздің тапсырмасы бойынша қолға алынып, елімізде өткен оқу жылынан бері жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» орны ерекше. Біздің де бүгінгі бас қосуымызда көздегеніміз – қазақтың тереңнен бастау алатын ұлттық тәрбиесі мен болмысын мектеп бағдарламасына енгізу, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қадырбек Бөрібеков. Яғни, оның сөзінше, бұл қазақтың ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін өскелең ұрпаққа жақсы үлгі.
Жалпы жиында 2024–2025 оқу жылының қорытындысы, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жаңа оқу жылына дайындық барысы, колледждер мен кәсіптік оқу орындарындағы маман даярлау деңгейі және мемлекеттік тапсырыстардың орындалуы сынды маңызды тақырыптар талқыланды.
Сондай-ақ Шымкент қаласы білім басқармасы «Психологиялық қолдау» орталығының басшысы Жандәулет Айтуарұлы баяндама жасап, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметтің жаңа оқу жылына арналған жоспарымен бөлісе отырып, 2025 жылы орын алған оқиғалардың жиі қайталанған себептері, қолдау шаралары және ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулысымен бекітілген «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және құқықтарын қамтамасыз ету» жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы туралы айтып өтті.
Жиын барысында қатысушылар білім жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салып, педагогикалық тәжірибемен бөлісті. Ұрпақ тәрбиесін Президент ұсынған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты басшылыққа алып тәрбиелеу жолының маңызына тоқталды.