Ел жастарының Отанға деген сүйіспеншілігі артып келеді
Жастарға ұлттық құндылықта патриоттық тәрбие беруде ардагерлердің атқарар рөлі зор.
Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында жарияланғандай Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы Түркістан облысынан жеткізілген «Ардагер өсиеті» республикалық марафонын ресми түрде қабылдап алды.
Іс-шараға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Заңғарбек Үсіпахметов, қала жастары, сарбаздар мен ардагерлер қатысты. Жастар ресурстық орталығының басшысы міндетін уақытша атқарушы Аружан Русланқызының айтуынша, марафонның негізгі мақсаты – ардагерлердің өмірлік өсиеттері мен өнегелі жолын жас ұрпаққа насихаттау, сондай-ақ елге қызмет ету мен отансүйгіштік құндылықтарын дәріптеу болып табылады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Патриотизм» туралы: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», – деген еді. Аталған марафонның да көздегені жастарға патриоттық тәрбие беру. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай соғыс және еңбек ардагерлерінің ерлігін дәріптеп, жас буын арасында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады, – дейді Аружан Русланқызы.
Шара аясында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, ардагерлерге лайықты құрмет көрсетілді. Жиын барысында ұйымдастырушылар марафонның идеологиялық және тәрбиелік мәнін атап өтіп, жас буынды елдік мүдде жолында адал қызмет етуге үндеді. Сондай-ақ, ядролық сынақ полигон ардагері Абдумалик Маханбетов жастарға ізгі тілегін білдіріп, тарихи жадының сақталуы мен бейбіт өмірдің қадірін түсіну туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Ал Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз», - деп жастарға сеніп қана қоймай, үміт те артады. Жалпы, патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайтыны белгілі. Осы ретте ел жастарының әдет-ғұрып¬қа, ұлттық мәдениетке, Отанға деген сүйіс¬пен¬шілігі жаңғырып келеді», - деп ерекше атап өтті Пердебек Есқұлов.
Осыдан кейін «Ардагерлер өсиеті» республикалық марафоны аясында Шымкент қаласының жастары мен ардагерлері Түркістан облысынан жеткізілген «Өсиет хатты» салтанатты түрде қабылдап алып, Жамбыл облысына ресми түрде табыстады.