Шымкент қаласында сот шешімін елемей алимент төлемеген 29 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, Шымкент қаласы Әділет департаменті сот шешімдерінің орындау сапасы цифрландырудың аясында арта түскен.
Яғни, жаңа жүйе арқылы Әділет департаменті сот шешімдерінің уақытында орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа технологияларды енгізу арқылы халыққа ашық әрі тиімді қызмет көрсетуді жалғастыруда.
Әділет департаменті өкілдерінің сөзінше, ағымдағы жылдың бірінші жартысында Әділет департаменті азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда маңызды істерге бастамашы болды. Бұл ретте, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар істерге бақылауды күшейту басты назарда тұр. Жалпы Шымкент қаласында 8 мемлекеттік және 162 жеке сот орындаушы жұмыс істейді. Олар осы жылдың бірінші жарты жылдығында 12800-нен астам іс автоматты түрде орындалып, мемлекет пайдасына 268 миллион теңге өндірілген. Бұл – жеке сот орындаушылар қызметіне төленетін қаражаттың 67 миллион теңгеден астамын үнемдеуге мүмкіндік берген.
Сонымен қатар, Әділет департаменті зияткерлік меншікке қатысты 14 құқық бұзушылықты анықтап, 17 миллион теңгеден астам сомадағы жалған өнімді заңсыз айналымнан шығарды. Бұл өнімдердің қатарында тұрмыстық химия мен тағамдық өнімдер де бар – яғни халық денсаулығына қауіп төндіретін тауарлар. Мұндай құқықтық шаралар әділет жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталған.
Тағы бір атап өтерлігі, Әділет департаменті бастамасымен жаңа «Кабинет сторон» сервисі іске қосылды. Жаңа сервистің арқасында өндіріп алушы мен борышкерге сот орындаушысымен байланыс орнату жақсара түсті. Департамент өкілдерінің айтуынша, енді олар өтінішті онлайн түрде жолдап, істің орындалу барысын жасыл және қызыл түспен белгіленген интерфейсте көре алады. Сот орындаушы 5 күн ішінде жауап бермесе, өтініш өңірлік палатаға автоматты түрде жолданады.
Сонымен бірге бүгінгі қоғамда алимент төлемей жүрген әкелер бар. Бүгінгі күнге Президент тапсырмасына сәйкес алиментке қатысты істерге ерекше назар аударылған. Мәселен, Шымкент қаласында 13727 алимент өндірісі тіркелсе, биылғы жартыжылдықта 29 азамат алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тағы 121 борышкер әкімшілік жаза ретінде қамаққа алынған.
Атқарушылық құжаттарды уақтылы орындамаған 363 адам да әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл деректер борышкерге қатысты шаралардың қатаңдатылғанын және алимент өндірісі жүйелі бақылауға алынғанын көрсетеді. Атап келгенде Әділет департаменті тарапынан қабылданған осындай заң аясындағы шаралар әділет жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталып отыр.