Шымкент қаласында «Шымқала кештері» мәдени жобасы қала тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлады
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, Шымкент қаласының саябақтарында дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан «Шымқала кештері» аясында кең ауқымды мәдени іс-шаралар өтті.
Жазғы демалыс күндері қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы ұйымдастырылған кештер Шымкенттің көрікті орындарының бірі — «Shym City» саябағында жалғасын тапты.
Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаровтың айтуынша, шаһар саябақтарында «Шымқала кештері» аясында алғаш рет қалада ауқымды Street Food Fest фестивалі ұйымдастырылып, оған 50-ден аса аспасшы қатысты.
Фестивальде қонақтар тек тамақтанып қана қоймай, жергілікті аспаздардың шеберлігін тамашалап, қолөнер бұйымдарын сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Шараның ең басты нышаны – алып гамбургердің дайындалуы. Бұл ерекше тағам Қазақстанның рекордтар кітабы – КиНЭС-ке еніп, еліміздегі ең үлкен гамбургер ретінде тіркеу жоспарланды.
Фестивальдің басты ерекшелігі – көше тағамдарына басымдық берілгені. Visit Shymkent туристік-ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаровтың айтуынша, бұл фестивальдің форматында отыратын орындар қарастырылмаған. Яғни, тағамдардың барлығы – street food стиліне сай тұрып немесе жол-жөнекей тамақтануға арналған. Сондай-ақ, салқын сусындар мен балмұздақ өндірушілердің де өнімдері кеңінен ұсынылды. Сөйтіп, фестивальде Ali Doner Cebab қоғамдық тамақтандыру орнының дайындаған 67 келі тартатын алып бургер. Бұл ерекше тағам көпшілік назарына ұсынылып, рекорд ретінде тіркелді.
– Бұл жерде кәсібі бар азаматтар үшін керемет жарнама болды. Әрқайсысы өз өнімін еркін сатып, халықпен тікелей байланыс орнатуда. Сауда айналымы жоғары болады деп күтудеміз, – дейді Ерлан Омаров.
Фестиваль барысында аспаздарға арнайы көрме, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, culinary fire show қойылымымен жалғасты. Көше биі сайысы мен акробатикалық өнер де көрермен көңілін көтеріп, мерекенің шырайын кіргізді.
Ал «Шымкент концерт» ұйымының талантты өнерпаздары ашық аспан астында көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Қалалық филармонияның әртістері сахнада өнер көрсетіп, кешкі самалмен тыныстап жүрген қала тұрғындарына шынайы музыкалық әсер тарту етті. Кеш барысында Тәттібек Бегалиев, Эльмира Амирова, Абзал Молдабеков, Гүлзина Шорабекова, Саддаулет Сүлейменов және Қуаныш Абжаппар сынды танымал әншілер эстрадалық әндерді орындап, шымкенттіктердің ыстық ықыласына бөленді. Келушілер әншілермен бірге ән айтып, сахнаға шығып би билеп, естелік суреттерге түсіп, көңілді кештің куәсі болды.
Айта кету керек, «Шымқала кештері» жобасы қала тұрғындарының мәдени демалысын жандандыру мақсатында әр сенбі және жексенбі күндері күз айларына дейін жалғасын табады.