Шымкент қаласындағы Қошқарата өзен бойы акция аясында тазаланды
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, қаладағы Әл-Фараби ауданына қарасты Қошқара ата өзенінің бас жағында кезекті рет тазалық жұмыстары жүргізілді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға қала тұрғындарымен қатар Жастар ресурстық орталығының жастары, еріктілер қатысып, белсенділік танытты. «Қошқар ата» учаскесінің басшысы Бауыржан Егенбайұлының айтуынша, Әл-Фараби ауданы Қошқара ата өзенінің бас жағында жүргізілген кезекті тазалық жұмыстары аудандық «Таза өлке» мекемесінен, учаске қызметкерлері өзен бойын күл-қоқыстан арылтып, шөптерді ору, аяқжолдарды тазалау жұмыстарын атқарған.
– Қаламызда ғана емес еліміз бойынша қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Шымкенттіктер де «Таза Қазақстан» акциясына барынша өз үлестерін қосып, сыртта қалып жатқан жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде ол ауқымды экологиялық қозғалысқа және қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. Табиғатқа, туған жерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бұл бастама аясында табиғи аумақтарды, су қоймаларының жағалауларын тазарту және ағаш отырғызу бойынша экоакциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады, – дейді ол.
Сондай-ақ, Үкімет экологиялық заңнаманы жаңғыртуда, табиғат қорғау саласына озық технологияларды енгізуде, экологиялық бақылауды цифрландыруда. Жалпы Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес қала әкімінің бастамасымен бүгінгі күні Қошқар-Ата өзенінің жағалауы нығайтылып, абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Шымкент ақаласы үшін Қошқар-Ата өзені маңызды экологиялық және рекреациялық аймақ. «Қошқар ата» учаскесінің басшысы Бауыржан Егенбайұлының айтуынша, өзен жағалауын абаттандыру жобасы бұл аумақты заманауи демалыс орнына айналдыруға бағытталған. Жаңа серуендеу аймағы тұрғындарға отбасылық демалыс, серуендеу мен белсенді тынығу үшін барлық жағдайды ұсынатын болады.
Жалпы қала түрғындары мен Жастар ресурстық орталығын жастарының қатысуымен өткен іс-шарада өзеннің бас жағы тазаланды. Бүгін қаланың өзен, бұлақтары бойын тазалауға назар аударылып отыр. Іс-шара одан әрі жалғаса бермек.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қаланың тазалығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауда өзен бойында кезекті сенбілік өз мәресіне жетті. Қошқар ата өзенінің бойы көктем, күз айларында апта сайын тазаланса, жаз айларында аптасына екі рет тазалық жұмыстары жүргізіледі. Тазалық акциясы қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениеттің нық орнығып келе жатқанын көрсетеді, – дейді «Қошқар ата» учаскесінің басшысы Бауыржан Егенбайұлы.