Мәдени шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталады
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында хабарланғандай, шаһарда тамыз айында маңызды мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, тамыз айында ұлт руханиятына елеулі үлес қосқан тұлғаларға арналған мерейтойлық бағдарламалар мен ел тарихындағы елеулі оқиғаларды атап өтуге бағытталған шаралар өткізілмек.
– Тамыз айында еліміз үшін елелі оқиғалар мен айтулы мерейтойларға толы. Мәселен, 180 жыл бұрын қазақтың ұлы ақыны, философ, ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы 10 тамыз күні дүниеге келді. Оның шығармалары жалпыазаматтыққа тиіс құндылықтарды насихаттайды, әлем мәдениетінің бір бөлігі саналады. Абай 170-ке жуық өлең мен 56 аударманың авторы. Ұлы ойшылдың ең көрнекті шығармаларының бірі – «Қара сөздері». Бұл өсиеттер жастарды халық даналығының негізінежетелеуде маңызды рөл атқарады. Сонымен 10 тамызда Шымкент қаласында мәдени ұлттық іс-шаралар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған салтанатты іс-шарадан бастау алады. Абай саябағында орналасқан ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіліп, одан әрі қалалық көрме орталығында «Абай әлемі» атты республикалық байқаумен жалғасады. Сонымен қатар, Абай облысында өтетін жалпыұлттық деңгейдегі мерейтойлық іс-шараларға Шымкент қаласынан арнайы делегация қатысады. Жергілікті өнерпаздар Абай шығармашылығына арналған концерттік бағдарлама ұсынатын болады, – дейді қала әкімінің оынбасары.
Сондай-ақ Сәрсен Абайұлының айтуынша, мәдени іс-шаралар тізбегі 15 тамыз күні қазақ вальсінің королі атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Бақыт құшағында» атты республикалық ән фестиваліне ұласпақ. Бұл іс-шара қаладағы Шәмші аллеясында ұйымдастырылып, еліміздің белгілі эстрада жұлдыздары мен өңірлік өнерпаздар қатысады деп күтілуде. Аталған мәдени іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ел тарихындағы маңызды оқиғаларды ұрпақ санасына сіңіруге және мәдени мұраны насихаттауға бағытталып отыр.
– Сондай-ақ, тамыз айының басты тарихи оқиғасы – Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуы. Осы айтулы датаға орай қалада бірқатар іс-шаралар жоспарда бар. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары, жастар, білім беру мекемелері мен мәдениет ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен кездесулер, форумдар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Ал 29 тамыз күні сағат 16:00-де «Қызғалдақ» сарайында «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтеді. Оған қаламыздың зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері және қала тұрғындары қатысады деп жоспарлануда, – деп қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек тамыз айына жоспарланған іс-шара жоспарымен таныстырды.