Ұлттық нақыштағы әйелдер киімі байқауы өтті

Oinet.kz 08-08-2025 8

Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, Шымкент қаласында алғаш рет шариғат пен ұлттық нақыш үйлескен сән үлгілері бойынша мұсылман әйелдерінің киім байқауы ұйымдастырылды. 

Screenshot_31.jpg

Шымкент қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Асылханқызының айтуынша, бұл іс-шараның негізгі мақсаты – мұсылман әйелдерінің киім кию мәдениетін шариғат талаптарына сай, ұлттық ерекшеліктермен үйлестіре отырып дамыту, сондай-ақ заманауи өмір салтына бейімделген киім үлгілерін насихаттау. 

Атап өтерлігі, бұл айтулы іс-шараның ұйымдастырушысы – Шымкент қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әйел-қыздар секторы. Осы басқарманың бастамасымен қалада «Әсем киім – әйел ажары» республикалық сән байқауының іріктеу кезеңі өтті. 

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қолға алынған байқау еліміздің барлық өңірінде өткізілуде. Оған тігін тігіп жүрген кез келген тігінші, киім тігу орталықтары мен жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Бұл байқаудың басты мұраты – сән қуудың шегін шариғатпен үйлестіру. Біз ислам қағидаттарын ұлттық болмыспен байланыстыра отырып, мұсылман әйелдерінің киім үлгісін жаңа деңгейге шығаруды көздеп отырмыз, – деді Шымкент қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы.

Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, байқаудың іріктеу кезеңдері еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп, үздік деп танылған топтамалар республикалық деңгейде Алматы қаласында өтетін финалдық кезеңде ұсынылады. Ал Шымкенттегі іріктеу барысында үздік деп танылған дизайнер өз өңірінің атынан республикалық байқауға жолдама алады. Бұл бастама алдағы уақытта мұсылман әйелдерге арналған отандық сән индустриясын дамытуға және жас дизайнерлердің шығармашылығын қолдауға ықпал етеді деп күтілуде.

Байқауға қатысқан дизайнерлердің өнімі, киім үлгілері көздің жауын алады. Ұлттық ою-өрнекпен өрілген киімдер талайдың қызығушылығын арттырып қана қойған жоқ, таңдайын да қақтырды. Байқауға жиналған жұртшылық шеберлердің қолынан шыққан дүниелерге разы болды. Сонымен сән көрсетілімінде сахналық жылтыр мен артық сән-салтанаттан гөрі, күнделікті тұрмысқа, кеңсе жұмысына және спорттық белсенділікке арналған жинақы, шариғатқа сай әрі қазақы нақыштағы киім үлгілері ұсынылды. Байқауға түрлі салада қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер қатысып, өздері дайындаған образдарын көпшілік назарына ұсынды.

Конституциялық патриотизмнің көкжиегі
Дәстүр сабақтастығы жалғастырған орталық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу