Кітап – руxани байлықтың кілті

Oinet.kz 11-08-2025 11

Кітап оқыған адам білім көкжиегі кең, сөздік қоры бай, мәдениетті, өз пікірін еркін жеткізе алатын болады. Жалпы жақсы кітап оқу өмірде жеке тұлға болып қалыптасуға көмектеседі. 

Screenshot_7.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет және ғылым саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президентіміз өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, идеология мәселесіне көп көңіл бөлу керектігін баса айтты. 

Бүгінгі күні Шымкент қаласындағы орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесінде Президентіміз Ұлттық құрылтайда тапсырғандай балаларға ұлттық мәдениетті дәріптеу, рухани-мәдени құндылықтарды қалыптастыру арқылы тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың алдарына мақсат етіп қойып отыр. 

Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Сауғамбаеваның айтуынша, Шымкент қаласында кітапхананың 14 бөлімшесі жұмыс істейді. Ондағы кітапханалардағы кітап қоры – 418046 бірлікті құрайды, оның ішінде балалар әдебиеті – 390492 кітап. Кітапхана мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, 1-9 сынып оқушыларына, тәрбиешілер мен мұғалімдерге, жылына жалпы 392 мыңдан астам келушіге қызмет көрсетеді. Кітапхана қоры көркем шығармалармен, мектеп бағдарламасына қосымша балаларға арналған анықтамалық әдебиеттермен, танымдық, сала жанрлары бойынша балалар әдебиеттері мен қиял-ғажайып, шытырман оқиғалар, ертегілермен толықтырылған. 

Дегенмен көркем әдебиеттің үлесі аз екені жасырын емес. Мұны Президент «Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деп атап өткен еді Президент өз сөзінде. 

Кітапханаға жас оқырмандар кітап іздеп келіп ғана қана қоймайды, түрлі іс-шараларға белсенді қатысады. Жастарды кітап оқуға қызықтыру мақсатында «Айна», «Жақсы адам мен жарты сағат», «Кел сырласайық қыздар» клубтары жұмыс істейді. «Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың рухани дүниесін байытуға атсалысып, дүниетанымын кеңейтудің маңызы зор. Негізгі ұстанымымыз «Өзің оқы, өзгені қызықтыр». Осы жобаның аясында театрландырылған қойылымдар, рөльдік және әдеби ойындар, мәнерлеп оқу, байқаулар, интеллектуалдық ойындар, викториналық сайыстар дәстүрлі түрде өтеді», – дейді Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Сауғамбаева.

Мәдениет үйі – руханиятымыздың темірқазығы
Орталықта ұлттық қолөнерге деген жастардың қызығушылығы артуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу