Орталықта ұлттық қолөнерге деген жастардың қызығушылығы артуда
Елімізде дәстүрлі қолөнерге деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді: ұлттық тоқыма өнері, ағаш ою, тері және зергерлік бұйымдар жасау мәдени өзіндік болмысты көрсетіп қана қоймай, мыңдаған қазақстандықтар үшін табыс көзіне айналуда.
Осыған орай Шымкент қаласында биыл креативті индустрияны қолдауға бағытталған тың жоба – «Shymkent Creative Hub» орталығы ашылған болатын. Шығармашылықты дамытуға арналған кеңістікте түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Соның бірі – белгілі кәсіби суретші Айман Тельходжаеваның шығармашылық үйірмесі.
Айта кетсек, жаңа орталық қаладағы шығармашылықпен айналысатын мамандарды бір арнаға тоғыстырып, олардың кәсіби дамуына, идеяларын жүзеге асыруына және табыс көзін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Мұнда қолөнершілер, зергерлер, суретшілер, дизайнерлер мен контент-мейкерлер бірлесе жұмыс істейді. Олар өз өнімдерін көрсету, өткізу, тәжірибе алмасу және шығармашылық жобаларды дамыту мүмкіндігіне ие. Жаңа хабта қазіргі уақытта этностильдегі бұйымдар, құрақ құрау, зергерлік өнімдер, заманауи сән мен қолөнер бағыттарында шеберлік сағаттары, фестивальдер, сән көрсетілімдері мен түрлі семинарлар тұрақты өткізілуде.
Ұлттық қолөнеріміз заман ағысына сай жаңарып, жаңғырып келеді. Бір өкініштісі, қазіргі таңда оюлы текемет басып, кесте тігіп, құрақ құрап, сурет салып, бұйым жасап қазақи нақышымызды дәріптеп жүрген жандарды кездестіру қиын. Көп жастардың қызығушылығы болғанмен, өнерге жақын, бәрін бабымен үйрететін қолөнершілердің саны өте сирек. Алайда, шәкірт тәрбиелеп, құндылықтарымызды дәріптегісі келетін жандар да жоқ емес. Солардың бірі – Айман Тельходжаева жоба аясында орталықта үйірме ашып, жастарды ұлттық қолөнерімізді үйренуге баулып жүрген жан.
– Рухани жаңғыру аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба қазақтың ата кәсібін, салт-дәстүрін насихаттауға керемет мүмкіндік туғызады. Туризмді дамытуға да тікелей ықпалы тиеді. Бастаманың нәтижесінде небір талантты шебер жастардың өсіп шығатынына сенімім кәміл – дейді ол.
Көптеген түрлі байқаулардың жүлдегері Айман Тельходжаева Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай зергерлік бұйымдарға эпоксидті шайырды қолдану арқылы шәкірттеріне шеберлік сабағын өткізді. Бүгінде қарамағында 10-нан астам жеке шәкірт тәлім алып жүр. Ол шығармашылығын дамытып, жасөспірімдермен бірге түрлі байқауларға қатысып келеді. Қолөнер бұйымдарын ағаштан, керамикадан, эпоксидті шайырдан жасайды. Қаладағы қолөнер, суретшілердің көрме-жәрмеңкелеріне тұрақты қатысып келеді.
Ата заңымыздың 30 жылдығына орай шәкірттері эпоксидті шайырды қолдана отырып, қазақы нақышта әшекей бұйымдар жасады. Бәрінің де сурет өнеріне деген қабілеті өте зор.