Жаңа бағдарлама бойынша Шымкент қаласында қолдау алуға ниетті кәсіпкер саны көп
Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған басты қаржы институттарының бірі – «Даму» қоры. Биыл қордың құрылғанына 28 жыл толып отыр.
1997 жылы Үкіметтің қаулысымен құрылған «Даму» бүгінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамында жұмыс істейді. Қордың басты миссиясы – 2033 жылға дейін макро, шағын және орта кәсіпкерлікті кешенді қолдау құралдарын жүзеге асыру арқылы ел экономикасын нығайту.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы Шымкент қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Әсет Тілемісовтың айтуынша, биыл жыл басынан бері «Даму» қорының Шымкент қалалық филиалы 231 кәсіпкерлік жобасын қолдаған. Қолдау көлемі – 32,2 миллиард теңге. Оның ішінде, субсидиялау бағыты бойынша – 154 жоба, кепілдік беру бағыты бойынша – 77 жоба қаржыландырылған. Бұдан бөлек, биыл мемлекет кәсіпкерлерді қолдау үшін маңызды қадам жасап, кепілдік мәселесі шешілген.
– «Даму» қоры – кәсіпкерлер үшін сенімді серіктес. Жаңа қаржыландыру құралдары мен жеңілдетілген шарттар өңірде кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді. Биыл мемлекет кәсіпкерлердің жетпейтін кепілдік мәселесі шешіп берді. Ендігі кезекте кәсіпкерлерге мемлекет кепіл болады. Бірінші кепілдік қоры – құны 7 миллиард теңгеге дейінгі жобаларға арналған. Бұл қор шеңберінде шағын, орта және ірі бизнес субъектілері қатыса алады. Оның шарттары тоқталар болсам, кепілдік берілетін жоба аясында қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден аспайды. Кепілдіктің ең жоғары мөлшері – қаржыландыру сомасының 85 пайызына дейін, бірақ 3,5 миллиард теңгеден аспауы тиіс. Кепілдік мерзімі – 5 айға ұзартылған қаржыландыру мерзімі. Қаржыландыру мақсаттары: айналым қаражатын толықтыру, инвестиция және қолданыстағы несиені қайта қаржыландыру. Қолдау көрсетілетін басым салалар: басым және басым емес салалар.
Екінші кепілдік қоры ірі инвестициялық жобалар үшін қарастырылған. Жеке кәсіпкерлік субъектілері осы қолдауға қатыса алады. Негізгі шарттары қаржыландыру сомасы 7 миллиард теңгеден жоғары, кепілдік мөлшері жоба құнының 30 пайызына дейін, мерзімі 15 жылға дейін болса, қаржыландыру мақсаты айналым қаражатына жоба құнының 40 пайызына дейін инвестиция және қайта қаржыландыру. Ал қолдау ала алатын салалар, өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі (қайта өңдеу шартымен), агроөнеркәсіп кешені, энергетика, көлік, байланыс, туризм, білім және денсаулық сақтау салаларындағы инфрақұрылым жобалары, – дейді Әсет Сағадатұлы.
Бұл қаржыландыру банктер арқылы жүргізілетіндіктен, банктердің қосымша талаптары да ескерілу керек. Сондай-ақ, кепілдік пайыздық мөлшерлемені төмендетпейді, тек несиені алуға мүмкіндік береді. Басшының айтуы бойынша, жаңа бағдарламамен қалада әзірге бір кәсіпкер қолдау алған. Дегенмен бағдарлама бойынша қолдау алғысы келетіндер саны көп.
Сонымен қатар, «Даму» қоры Ұлттық экономика министрлігі және «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен «Өрлеу» бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама экономиканың басым секторларында кәсіпкерлікті жеңілдетілген несиелер арқылы қолдауға бағытталған екен. Ол жобада инвестицияға несие – 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына – 3,5 млрд теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайыздан аспайды, қаржыландыру мерзімі инвестицияға 10 жылға дейін, айналым қаражатына 3 жылға дейін. Бағдарлама бойынша Freedom Bank, ЦентрКредит, Forte Bank, Halyk Bank, Нурбанк қатысады.