Әл-Фараби ауданында ауқымды тазалық іс-шарасы ұйымшылдықпен өтті
Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби ауданында «Таза Қазақстан» акциясы өз жалғасын тауып келеді.
Бұл акция ел халқы тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Бұл жұмыстар Әл-Фараби ауданында жоспарға сәйкес үздіксіз апта сайын атқарылуда.
Әл-Фараби ауданыны әкімдігінің мәліметінше аудан аумағында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясына 100-ге жуық қала тұрғыны қатысқан. Оның ішінде еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, жеке кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары бар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халық бұл бастамаға барынша қолдау білдірді. Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және халықтың санитарлық-экологиялық сауаттылығын арттыру. Мәселен, «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудандағы аллея мен ондағы каналдың бойында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға аудан әкімдігінің, түрлі мекемелердің қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылды. Бұл жұмыстарға жалпы саны 100 адам атсалысып, қаланың тазалығы үшін белсенді түрде атсалысты. Сонымен қатар, қоқыс пен құрылыс қалдықтарын шығаруға арналған 5 арнайы техника тартылды. Тазалық барысында келесі жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, аудан аумағында жалпы санитарлық тазалау; құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тасымалдау; қураған ағаштарды жинап, арту және шығару және тағы басқа жұмыстар.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде 7 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға нақты үлес қосылды. Сонымен қатар, тазалық жұмыстары қала тұрғындарының жиі серуендейтін орны – «Кең баба» саябағы аумағында да жүргізілді. Бұл қоғамдық демалыс орнының санитарлық тазалығы мен экологиялық жағдайы әрдайым басты назарда. осыған байланысты, аталған аумақта қоқыстан тазарту және абаттандыру шараларын жүргізу тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалуына мүмкіндік береді.
«Халқымызда «Тазалық – саулық кепілі» дегендей қоршаған ортамызды таза ұстау барша қала тұрғындарының міндеті. Жалпы шаһарда тазалық айлығы өткен апталарда ұйымдастырылған. Әл-Фараби ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алған сәттен бері тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шара өткен аптада да ұйымдастырылып, халық белсенділік танытты. Әл-Фараби ауданы әкімдігі «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруды көздеп отыр. Осыған байланысты, аудан әкімдігі алдағы уақытта да аудан тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, аумақтық сенбіліктерге белсенді түрде қатысуға және тұрмыстық тазалықты сақтауға шақырады» - дейді әкімдік қызметкерлері.