Текесу тұрғын алқабына демеушілер күшімен таза ауызсу кірді
Президент тапсырмасына сәйкес елдімекендерді таза ауызсумен қамту жұмысы аяқталуға жақын.
Міне, бүгінгі күні Шымкент қаласына қарасты Текесу тұрғын алқабына да таза ауызсу берілді. Текесулықтардың қуанышына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы барып, ортақтасып қайтты. Мұндағы жоба аясында 130 тұрғын үйді таза ауыз сумен қамту жоспарланған. Мердігер тарапынан су құбыры 14 шақырымға тартылған. Бұл жұмыстар демеушілер қаражаты есебінен атқарылған.
Қала әкімі алдымен таза ауызсумен жабдықтау жүйесі іске қосылған Текесу тұрғын алабын аралады. «Ауыл өміріндегі айтулы күнде сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Тіршілік нәрінің игілігін ұзағынан көріңіздер. Бәріңізді шаттыққа бөлеген осындай шуақты сәттер көп болсын деп тілеймін. Әлбетте, «Су – тіршілік көзі» деген салмақты сөзді дана халқымыз бекер айтпаған. Тіршілік дүниесіне терең үңіліп қараған адам бұл ұғымның растығын, қара судың қадірін аңғармай қалмайды. Президент тапсырғандай 2025 жылға дейін барлық елдімекендерді таза ауызсумен қамту жобасы аясында таза ауызсумен қамтамасыз ету міндеті бүгінде өз жемісін беріп отыр», – дей келіп, мегаполис басшысы жергілікті тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтап, жобаның маңыздылығын атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар әкімнің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Халықпен кездесулердің бірінде жергілікті тұрғындар ауыз суға тұрақты қол жетімділіктің жоқтығына назар аударған болатын. Қала әкімі демеушілер мен мердігер ұйымдарға көрсеткен әлеуметтік жауапкершіліктері үшін алғысын білдірді. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде жергілікті халық санитарлық талапқа сай таза, үздіксіз ауыз суға қол жеткізді.
Аядай тұрғын алап мемлекет назарынан тыс қалмағанын айтқан ауыл ақсақалы Кендебай Оңғарбаев алғысын білдірді.
– Бұл күнді қаншама жыл күттік. Жерасты құдығымыз қыс мезігілінде қатып қалып талай әбігерге түсірсе, оның сапасын айтпасақта түсінікті. Сондықтан бұл біздер үшін тек қуаныш қана емес, тарихи сәт. Ауыл азаматтарын осы қуанышты күнмен құттықтаймын. Ат төбеліндей ауылға осындай игілікті іс атқарған мемлекетімізге, басшыларға рақмет айтамын, – деді қария.
Таза ауыз су жүйесінің құрылысы жоғарыда айтқанымыздай демеушілердің күшімен атқарылды. Ал оның құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, отыр. Қала әкімінің айтуынша, бүгінгі күні 130 тұрғын үйдің ауласына таза ауызсу құбыры тартылып, олар тіршілік нәрін кедергісіз тұтынуда.