«Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы ұрпақ бойына ұлттық рухани құндылықтарды сіңіруде

Oinet.kz 18-08-2025 7

Шымкент қаласындағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы мамандары ұрпақ бойына ұлттық рухани құндылықтарды сіңіруде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 

Screenshot_24.jpg

Орталықтың бас маманы, PhD докторы, абайтанушы Әзімхан Исабек Абайдай тұлғамызды күллі әлемге танытқан Мұхтар Әуезовті қанша білдік дегенімізбен, зерттеуді қажет ететін дүниелер әлі деп көп дегенді алға тартты. Ол бүгінде «Әуезовтану» әлеміне ден қою арқылы Ұлттық кодымыз Абайдан бастау алар тәрбие өзегі өрісін насихаттап жүрген ғалымның бірі. 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі «Мұхтартану ғылыми-зерттеу орталығы 2018 жылы ашылған. Негізгі міндеті – Абайтану, мұхтартану салаларының арнасын кеңейтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру. Міне содан бері, орталық ұлттық деңгейде ірі ғылыми жаңалықтардың жаршысына айналған. 

– Орталықтағы халқымыздың ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезовтің құнды шығармалары мен жәдігерлері, ғалымдардың жазушы туралы тың зерттеулері ұлтымыздың рухани құндылықтарын қалыптастыруда, оның ұрпақ бойында патриоттық сезімін оятудағы орны ерекше. Осы орталықта жұмыс істеген талай елге белгілі тұлғалардың өшпес мұрасы осында сақтаулы. Соның ішінде, ерекше атап өтсек, марқұм профессор Мекемтас Мырзахметұлының 2020 жылы жарық көрген «Абайдың «Толық адам» ілімі» монографиясы мен «Абайтану» атты 10 томдық еңбегі бар. «Толық адам» ілімінің шығу тарихы, даму төркіні өте тереңде екені даусыз, – дейді Әзімхан Исабек.

Бұған қоса тағы бір үлкен ғылыми жаңалық – орталықтың аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабектің жетекшілік етуімен, Әзімхан Исабек қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет хакім Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясын жасап шықты. Транскрипция Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікіұлының 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбаларына сүйеніп жасалған. Осы еңбектің нәтижесінде ғалымдар «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», «Абай. Китаб тасдиқ» атты қос ғылыми монографияны жарыққа шығарды. Бұдан бөлек ғалымдар «Китаб тасдиқтың» 500-ге жуық арнайы араб-парсы сөздігін даярлаған.

Орталық ғалымдарының тыңға түрен салған тағы бір жаңалығы – Шымкент қаласында жерленген Абай ұрпақтарына қатысты. 1934 жылы Шымкентте қайтыс болып және осында жерленген хакім Абайдың Әйгерімнен туған перзенті Тұрағұл Ибраһимұлы мен өзге де ұрпақтарына қатысты ерекше жәдігердің табылғандағын атап өту керек.

«Мұхтартану» зерттеу орталығы қызметкерлері А.Қалшабек пен Ә.Исабектің ғылыми ізденісінің нәтижесінде, Абай Құнанбайұлы ұрпақ-тарының есімі, қайтыс болған мерзімі мен жерленген орындары көрсетілген ерекше мемориалды тақтаның табылғандығы абайтану ғылымындағы тың жаңалық болды. 

Бұдан бөлек, «Мұхтартану» орталығының ғалымдары Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабек 2022 жылы М.Әуезовтің 125 жылдығына орай «Әуезовтің Оңтүстікке сапары» атты кітапты жарыққа шығарды. Әуезовтің Оңтүстікке сапары мұхтартану ғылымының ең өзекті бағыттарының бірі. Бұл тақырып осы күнге дейін өз алдына зерттеу объектісі болмаған. Ғалымдар Мұхтар Омарханұлының Оңтүстікке жасаған сапарларын терең зерделеп, архивтік материалдармен қоса өзге де жарияланбаған құжаттарды жарыққа шығарды. Аталмыш еңбекте Әуезовтің Ташкенмен байланысы да терең қаузалған. 

Текесу тұрғын алқабына демеушілер күшімен таза ауызсу кірді
«Шығыс моншалары» бұл әлемдік ұлттық мәдениеттің тағы бір керемет таңқаларлық құбылысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу