Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі
Таза Қазақстан – бұл жай ғана акция емес, ол әрбір қазақстандықтың ұлттық рухын, патриоттық сезімін, туған жерге деген сүйіспеншілігін оятатын маңызды шара. Осы шараға Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы тұрғындары да белсене қатысты.
Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбектің айтуынша, 4 қазанында ұйымдастырылған «Бүкіләлемдік тазалық күні» (World Cleanup Day) аясында Еңбекші ауданы бойынша жалпы қалалық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Жалпы алғанда сенбілікке ауданы аумағында 10651 қызметкер мен 61 техника қатысып, 45,9 тонна күл-қоқыс шығарылған.
Елімізде Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Еңбекші ауданының мекемелері мен жастары белсене қатысып, өздерін нағыз отанның патриоттары ретінде көрсетуде. Патриоттық тәрбиенің мақсаты – жас ұрпақтың жақсы қасиеттерін қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін жұмсауға қалыптастыру болып табылады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында республикалық «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алатынын айтқан болатын. «Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады... Елді мекендердің тазалығы – тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын» деп атап өтті Президент.
Осы ретте Мемлекет басшысының пі¬¬кірін негізге ала отырып, «Таза Қазақстан» идеясын ұлттық идео¬логиямыздың маңызды бөлігі ретінде қарастыра отырып, аудан тұрғындарын, ақсақалдар мен жастарды осы қоғамдық жұмысқа тарту арқылы қаламыздың көркеюіне үлес қосудамыз.
Жалпы біз бәріміз еліміздің экологиясын жақсартуға және оны таза ұстауға белсенді қатысуымыз керек! Біздің ауданда санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіліп келеді, – дейді Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек.
Сенбілікке Еңбекші ауданы әкім аппаратының 560 қызметкері мен 30 техникасы қатысып, 18 тонна қоқыс шығарылды. Аудан тұрғындарынан 3800 адам белсенділік танытты.
Сонымен қатар, «Оңтүстік» ИА-ның 2000 қызметкері мен 4 техникасы, «Жайлы ортаны дамыту басқармасы» 26 қызметкері мен 1 техникасы, Құрылыс басқармасы 30 қызметкері мен 1 техникасы, «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамы басқармасы 20 қызметкері мен 1 техникасы, Ішкі саясат басқармасы 30 қызметкері мен 1 техникасы, «ТелҚоңыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 қызметкері мен 3 техникасы, «Водоканал - 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 30 қызметкері мен 2 техникасы, «QazaqGaz Aimaq» ШӨФ 60 қызметкері мен 1 техникасы, «Қуатжылуорталық-3» МКК 30 қызметкері мен 1 техникасы, Еңбекші электр тарату бөлімі 30 қызметкері мен 2 техникасы, Еңбекші аудандық полиция бөлімінен 200 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандардан 3815 қызметкер мен 11 техника қатысып, 8 тонна қоқыс шығарылды.