Қошқар ата өзенін абаттандыру қарқыны күшейді
Шымкент қаласының ажарын айшықтайтын Қошқар ата өзені шаһардың шырайын кіргізіп тұрған ерекше табиғи нысан. Қала тұрғындарының серуендейтін сүйікті орнына айналған өзен бүгінде жаңа бейнеге енуде.
Бұл бағыттағы жұмыстар қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
2023 жылы Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы Қошқар ата өзенінің «Ордабасы» алаңынан бастап Жангелдин көшесіне дейінгі бөлігін абаттандырған болатын. Аталған аумақта жағалау бекітіліп, серуен жолдары төселді, жарық шамдар мен орындықтар орнатылды. Түнгі жарықтандыру мен көгалдандыру жұмыстары өзен маңын ерекше көріктендіріп, тұрғындар үшін тартымды демалыс орнына айналдырды.
Биыл бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, өзеннің келесі бөлігі Жангелдин көшесінен Интернациональная көшесіне дейінгі аралықты қамтымақ. Ұзындығы шамамен 3,5 шақырым болатын бұл аумақтың құрылыс жұмыстары «HYDROLIFE-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Қазір мердігер компания өзен арнасын тазалау, жағалауды бекіту және су ағысын реттеу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуде.
Абаттандыру барысында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолақтары салынып, демалуға арналған көлеңкелі орындар, заманауи орындықтар мен жарық шамдар орнатылады. Сонымен қатар өзен бойы толықтай көгалдандырылып, табиғи ландшафт сақталады. Бұл жұмыстар тек құрылыс немесе инженерлік жоба емес, қала экологиясын жақсартуға бағытталған кешенді іс-шара ретінде қарастырылуда.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, абаттандыру кезінде өзеннің тарихи және табиғи келбетін сақтау басты назарда. Қошқар ата өзені Шымкенттің мәдени болмысы мен рухани өмірінің бір бөлігі. Сондықтан мұндағы әрбір өзгеріс тұрғындардың жайлылығы мен қаланың келешегін ескеріп жасалуда.
Жоба толық аяқталған соң, Қошқар ата өзені қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше демалыс аймағына айналады. Мұнда серуендеп, спортпен шұғылданып немесе жай ғана өзен бойында тыныштыққа бөленуге мүмкіндік туады. Қазіргі таңда құрылыс қарқыны жоғары, ал мердігер компания нысанды ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Қошқар атаның жаңарған бейнесі Шымкенттің өсіп-өркендеуінің, экологиялық мәдениетінің және тұрғындарға деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Өзен бойының абаттандырылуы тек қала келбетін жақсартумен шектелмей, тұрғындардың өмір сапасын арттыратын маңызды қадам болмақ.