Шымкенттегі көпқабатты үйлер жаңарады
Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында тың бастамалар жүзеге асуда. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту мен жөндеу жұмыстары қала дамуының маңызды бағытының бірі.
Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы жүзеге асуда. 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, аталмыш мекеме өз жарғылық капиталын ұлғайта отырып, көпқабатты үйлердің жалпы мүлкін күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаған. Бұл тек үйлерді жөндеу емес, тұрғындарға қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған қадам.
Жалпы, қала бойынша 26 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Оның ішінде Әл-Фараби ауданында – 20, Тұран ауданында – 4, Еңбекші ауданында – 2 тұрғын үй қамтылады. Бұл жұмыстар аясында ғимараттардың шатыры, қасбеті, инженерлік жүйелері және кіреберіс аймақтары жаңартылады.
Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданы бойынша 5 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Атап айтқанда, Күншығыс шағынауданындағы №25 және №37 үйлер, 17-шағынаудандағы №9/А үй, Рашидов көшесіндегі №25/Б және Жангелдин көшесіндегі №18 үйлер жаңарып, тұрғындарға жаңа тыныс сыйлады.
Жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлердің тұрғындары нәтижеге риза. Олар үйлерінің бұрынғыдан әлдеқайда жылы әрі жарық болғанын, кіреберістер мен аулаларда тазалық орнағанын айтады. Бұл коммуналдық мәдениеттің артып, тұрғындардың ортақ мүлікке деген жауапкершілігінің күшейгенін көрсетеді.
Қалған 21 көпқабатты тұрғын үйде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қала әкімдігі мен «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС мердігер ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып отыр. Жыл соңына дейін барлық жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі жөндеу тұрғын үйлердің қызмет ету мерзімін кемінде 20–25 жылға ұзартады. Сонымен қатар, энергия үнемдеу жүйелері жаңартылып, тұрғындардың коммуналдық төлемдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Шымкент қаласында тұрғын үй қорының жағдайын жақсарту бағытында кешенді саясат жүргізіліп келеді. Қала тұрғындары үшін жайлы орта құру, ескі үйлерді жаңарту және көпқабатты ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету биліктің басты мақсатының бірі.
Жаңарған үйлердің сыртқы келбеті де қаланың сәулеттік бейнесін көркейтіп, Шымкенттің көркін арттырады. Бұл жұмыстар тек құрылыс саласына серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да үлкен әсерін тигізеді. Шымкент жаңару мен өркендеу жолындағы қала. Көпқабатты үйлердің жаңаруы тұрғындарға деген қамқорлықтың, ал жасалып жатқан жұмыстар болашаққа сенімді қадамның айқын көрінісі.