Ұлттың байырғы таным-түсінігін ұмытпаңыз

Oinet.kz 20-10-2025 48

Халықтық ауа райын болжау – ата-бабаларымыздың табиғатпен етене өмір сүріп, ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесіне негізделген даналық. Қазақ 

Screenshot_12.jpg

халқы аспан әлеміне, жан-жануарлар мен өсімдіктердің мінез-құлқына, желдің бағытына, бұлттың түріне қарап ауа райын дәл болжай білген. Сондай сөздің бірін күз айларында  “Сүмбіле туғанда су суиды” немесе “Сүмбіле келсе – суық басталады” деп болжайды. Бұл сөздің мағынасын Шымкент қалалық салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығының ғылыми қызметкер Ж. Бегілдаева «Сүмбіле – жай ғана жұлдыз емес, ол қазақ халқының өмір сүру салтымен, табиғатты бақылауымен, тіршілікті жоспарлаумен тығыз байланысты астрономиялық әрі мәдени құбылыс. Қазіргі заманда да бұл білім ауа райын бақылау мен табиғатпен үндестікте өмір сүрудің бір айғағы ретінде бағаланады. Ұлттың байырғы таным-түсінігін ұмытпай, осындай жұлдыздық белгілерді сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу – маңызды міндеттердің бірі» дейді.  

Ж. Бегілдаеваның түсіндіруінше аспан әлемі – адамзат баласын ежелден қызықтырып келе жатқан тылсым дүниенің бірі. Көптеген халықтар жұлдыздарға қарап ауа райын болжаған, уақытты есептеген, ал жұлдыздар тізбегімен түрлі аңыз-әңгімелер байланыстырылған. Сол жұлдыздардың ішінде қазақ халқы ерекше мән бергендерінің бірі – «Сүмбіле жұлдызы».

– Сүмбіле – астрономияда «Сириус» деп аталатын ең жарық жұлдыз. Ол «Үлкен Ит (Canis Major)» шоқжұлдызында орналасқан және жерден қарағанда түнгі аспандағы ең жарық жұлдыз болып көрінеді. Қазақша атауы – Сүмбіле, кейде Сүмбіле жұлдызы немесе Сүмбіле кезеңі деп те аталады.

Қазақ халқы Сүмбіле жұлдызына ерекше мән берген. Ежелгі көшпелі тұрмыс пен табиғатқа тәуелді өмір салты адамдарды жұлдыздарға қарап уақыт пен маусымның ауысуын бақылауға мәжбүр етті. Сүмбіле шыққан кезде, яғни шілде мен тамыздың тоғысында, «күздің басталуы», «күннің суытуы», «жаңбырдың жиілеуі» сияқты табиғи құбылыстар байқалады.

Сүмбіле туған уақыт – халықтық күнтізбеде маңызды кезең. Бұл кезеңде:

Күн суыта бастайды;  Мал жайылымы өзгереді; Егін ору науқаны басталады;

Күздің алғашқы белгілері көрінеді.

Қазақтар “Сүмбіле туғанда су суиды” немесе “Сүмбіле келсе – суық басталады” деген халықтық нақылдар арқылы бұл кезеңнің маңызын атап өткен. Халық арасында Сүмбіле туар шақта болған ауа райы алдағы күз бен қыстың қандай болатынын болжауға себеп болған. Мысалы:

- Егер Сүмбіле туғанда ауа райы жылы болса – күз ұзақ әрі жылы болады;

- Егер бұл кезде жаңбыр жауса – күз ылғалды, қыс қатты болады.

Сондай-ақ Сүмбіле күндері адам денсаулығына да ерекше мән берген, өйткені суық тию мен аурулар жиілей бастайтын кезең осы уақытқа тұспа-тұс келеді, - деген мәліметімен бөлісті ғылыми қызметкер. 

Ұлттың байырғы таным-түсінігін ұмытпай, осындай жұлдыздық белгілерді сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу – маңызды міндеттердің бірі. Ол біздің ата-бабаларымыздың дала өміріне бейімделген бірегей және өте дәл күнтізбелік жүйесінің бір бөлшегі болып қала береді.

Шымкент жастары Ш.Уәлихановтың рухани мұрасын насихаттады
«Құндақтау» рәсімін әжелер атқарған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу