«Оңтүстікте қуғын-сүргінге ұшыраған алаш зиялыларының тағдыры»
Шымкент қаласында өткен ғылыми-тәжірибелік жиында отандық және шетелдік ғалымдар бас қосып, Алаш зиялыларының тарихи мұрасы, оларды қуғындауға бағытталған саяси репрессиялар, сондай-ақ сол жылдары жарық көрген басылымдар төңірегіндегі тың зерттеулерімен бөлісті.

Жиын барысында ғалымдар Алаш қозғалысының қазақ қоғамының рухани, саяси және мәдени дамуына қосқан үлесін талдап, бұрын-соңды айтылмаған деректер мен архивтік құжаттарды ұсынды. Кездесу ел тарихының ақтаңдақ беттерін жаңаша көзқараспен зерделеуге мүмкіндік берді.
М.Әуезов атындағы ОҚУ-де «Тәңірберген Отарбаев және Оңтүстікте қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш зиялыларының тағдыры» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға қоғам қайраткерлері, еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары, архив, мұражайлардың өкілдері, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары мен студенттер қатысты.
Ғылыми басқосуда университетіміздің т.ғ.д. профессор Сейдехан Әлібек қазіргі таңда осы бағытта отандық тарихшылар тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді зерттеулер мен архивтік деректерді қайта зерделеу жұмыстарына тоқталып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолында атқарылып жатқан маңызды істерді атап өтті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, т.ғ.д профессор Д.Пернешқызы конференция қатысушыларын онлайн құттықтап, ақтаңдақ жылдардың ащы шындығына тоқталды. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызы архивтер арқылы жүргізілген зерттеулерге тоқталып, бұл бағытта жарық көрген кітаптарды баяндады.
Конференцияның пленарлық кезеңінде әлеуметтанушы, жазушы,
Т.Отарбаевтың ұрпағы Мұрат Төлентаев «Т.Отарбаевтың өмірі мен
шығармашылық мұрасы» туралы деректермен бөлісті.
–Тәңірберген Отарбаев ақын және ұлағатты ұстаз болған. 1917-1920 жылдар аралығында уездік халық ағарту орындарында жұмыс істеп, ауылды советтендіру, Бөржар мен Бадам бойында, Шымкент төңірегіндегі ірі елді мекендерде жаңа мектептер ашып халықты сауаттандыру жолындағы күрестің алдыңғы шебінде болған жан. Ол ұстаз ғана емес, сонымен қатар өз тірлігіне өте адал жан,сонымен қатар ақын және көркем әдебиет зерттеуші болған.Т.Отарбаев жазған өлең, әңгіме, очерктерді сол уақыттағы ел тынысын танытатын тарихи құжат десе де болады. Оның өлеңдері кезінде Ташкенттен шығатын «Шолпан», «Сана», «Терме», журналдары мен «Ақжол» газетінде өлең-жырлары жиі басылатын.Тәңірберген Отарбаев сонымен қатар ұлы тұлғаларды тәрбиелеп шыққан ұлы тұлғалы ұстаз,- деп атап өтті.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, т.ғ.д. Зиябек Қабылдинов «Алаш тақырыбы бойынша жүргізілген зерттеулер мен оның нәтижелері, қаламгер, Қазақстанның «Мәдениет қайраткері» Гүлсара Қабланова «Алаш ардақтысы – Садық Өтегенов» тақырыбында баяндама жасады.

 
 
 
