Қаладағы су инфрақұрылымы жаңарып жатыр

Oinet.kz 23-10-2025 61

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан ауқымды жаңғырту жұмыстары таныстырылды.

Screenshot_46.jpg

Айта кету керек, бұл іс-шара Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қала әкімдігінің бірлескен шешімі негізінде бекітілген 2021–2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалуына арналды. Бағдарламаның жалпы құны 750 248,994 мың теңгені құраса, соның 110 051,862 мың теңгесі биылға жоспарланған.

Бағдарлама шеңберінде Шымкент қаласының су құбыры және кәріз жүйелерін қайта құру мен жаңғырту көзделген. Қала халқының жыл сайын көбеюі, жаңа шағын аудандардың пайда болуы және тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі орталықтандырылған су жүйесіне қосылған тұтынушылар санын арттырған. Осыған байланысты ауыз сумен қамтудың сенімділігін арттыру, су өткізу қуатын көбейту және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Бақылау-өткізу пункттері жаңартылып, ВС-1 және ВС-2 сорғы стансаларының қоршаулары қалпына келтірілді. Қаладағы өрт гидранттары ауыстырылып, әртүрлі диаметрдегі жаңа су құбыры желілері тартылды. Сонымен қатар, «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының су тарту құрылғыларындағы бақылау-өткізу пункттері мен ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіліп, қоршаулар жаңартылды. Достық су тарту құрылғысының периметрі бойынша да қоршаулар қалпына келтірілген.

Биыл Шанырақ және Ұлағат шағын аудандарындағы сорғы стансаларының насос жабдықтары жаңартылып отыр. Исраилов және Далабазар көшелеріндегі диаметрі 40–75 миллиметр аралығындағы су құбыры желілері толық ауыстырылған. Сондай-ақ Екінші көтергіш сорғы стансасының және «Забадам» қосалқы стансасының 10 кВ электротехникалық жабдықтары жаңартылып, баптау жұмыстары жүргізілді.

Су құбыры желілерін тарту кезінде заманауи горизонталды бағытталған бұрғылау әдісі қолданылды. Бозарық, Самал-3, Асар-2 және Жиделі шағын аудандарында да ірі жаңғырту жұмыстары атқарылды. Бозарықта су тарату түйіндері мен құбырлар ауыстырылса, Самал-3-те диаметрі 40 миллиметрлік су желісі жаңартылған. Асар-2-де 630 миллиметрлік құбырдан 450 миллиметрлік жүйеге ауысу жүзеге асса, Жиделі аумағында диаметрі 500 миллиметрлік құбырдан 160 миллиметрлік су желісіне ауысу және құдық орнату жұмыстары жүргізілді.

Кәріз жүйесін жаңарту бағытында да елеулі жұмыстар атқарылды. Тұран-2 шағын ауданындағы кәріз желісі ауыстырылып, «Нұрсат» кәріз сорғы стансасы самотекті жүйеге қосылды. Қайтпас-1 шағын ауданындағы Қахарман, Әлібеков және Жұмағұлов көшелерінде жаңа кәріз желілері тартылды. Сонымен қатар, кәсіпорын қажеттіліктеріне орай басқару шкафтары, түрлі маркадағы сорғылар, генераторлар және кеңсе техникасы 113 496,647 мың теңгеге сатып алынды.

Былтыр жыл басында кәсіпорын балансына 17 миллиард теңге көлемінде жаңа нысандар қабылдануына байланысты инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы ұлғайған. Бұл амортизациялық аударымдардың артуына және бағдарламаның ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берген. Нәтижесінде, су жүйелеріндегі нормативтік ысырап деңгейі 8,65 пайыздан 8,44 пайызға дейін төмендесе, ал апаттар саны былтырмен салыстырғанда 10 пайызға азайған. Су тасымалдау қызметіндегі тозу деңгейі 4,6 пайыздан 4,55 пайызға, ал сарқынды суды бұру жүйесіндегі тозу деңгейі 4,7 пайыздан 4,65 пайызға дейін төмендеген.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Қанағат Қоңыраттың айтуынша, бұл іс-шара Шымкент қалалық «Су құбыры және канализация басқармасы» кәсіпорнының биылғы инвестициялық бағдарламасының орындалуына арналған баспасөз туры. Бағдарламаның жүзеге асырылу барысын ашық түрде көрсету және оның сапасына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсат етілген.

— Биылғы бағдарлама аясында шамамен 110 миллион теңге қаражат қарастырылған. Соның ішінде тек бір насос стансасын жаңғыртуға 10 миллион теңге бөлінді. Жалпы, бағдарлама шеңберінде жүзден астам іс-шара жоспарланған, олардың барлығы су жүйелерін жаңарту мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бүгін біз сол жұмыстардың орындалу барысын өз көзімізбен көрдік. Ескі насос жүйелері толық ауыстырылып, жаңа жабдықтар орнатылған. Жұмыстардың сапасына оң баға беруге болады. Бағдарламаның орындалуы мен тиімділігі 2026 жылы арнайы сараптама арқылы бағаланатын болады, – деді ол.

Ал Шымкент қаласы әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Бағдат Сырлыбайұлының айтуынша, кәсіпорынның 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламасының орындалуы 99 пайызға жеткен. Биыл төрт ірі су алу және тарату нысаны жаңғыртылған.

— Су көтеру қуатын екі есеге арттыру және нысандарды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта бейнебақылау жүйелері орнатылып, кіру мен шығу тәртібі күшейтілді. Сонымен қатар шығындарды азайту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Бұрын суды айдауға насос стансалары пайдаланылса, бүгінде төрт кәріз стансасы өз ағынымен жұмыс істейтін жүйеге көшірілді. Бұл электр энергиясын үнемдеуге және жабдықтарға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Өз ағынымен жұмыс істейтін жүйе 4–5 жыл ішінде толық ақталады, – деді ол.

Басшының айтуынша, бұл жаңғырту шаралары тек энергия тиімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың шағымдарын азайтуға да ықпал етпек. Бұрын электр қуаты үзіліп қалғанда судың тоқтауы немесе аулаларға су тасуы сияқты мәселелер жиі орын алатын. Енді мұндай жағдайлар барынша азаяды деп күтілуде.

Аталған нысан 2012 жылы мемлекеттік қаржы есебінен салынған, ал соңғы ірі жөндеу 2018 жылы жүргізілген. Биыл станса толық жаңғыртудан өтіп, заманауи талаптарға сай пайдалануға берілді.

Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстарға оң баға берілді. Бұл жаңғырту шаралары Шымкент қаласының инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруге, коммуналдық қызмет сапасын арттыруға және тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Шымкентте инфрақұрылым мен тариф саясаты талқыланды
Шымкенттің жайлы ортасы: Тазалық пен көгалдандыру ісінің жаңа бағыты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу