Шымкенттің жайлы ортасы: Тазалық пен көгалдандыру ісінің жаңа бағыты

Oinet.kz 23-10-2025 53

Қала әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында тазалық, экология және тұрғындардың денсаулығы басты назарға алынды.

Screenshot_47.jpg

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат отырысында қаланың өмір сүруге қолайлы ортасын қалыптастыру, көгалдандыру және санитарлық ахуалды жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, биылғы тоғыз айда сот орындаушыларының мемлекет кірісіне өндіру бағытындағы жұмыстары мен қаланың эпидемиологиялық жағдайы да күн тәртібіне енгізілді.

Қала басшысы жиын барысында тұрғындардың таза әрі жайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету — әкімдік қызметінің басты басымдығы екенін атап өтті.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Серманизовтың айтуынша, Шымкентте санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты деңгейде. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жұқпалы аурулардың өршуі тіркелмеген. Қаланың барлық аумағында профилактикалық және дезинфекциялық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

– Барлық шаралар тұрғындардың денсаулығын қорғауға және аурудың алдын алуға бағытталған. Қоғамдық орындар мен білім беру ұйымдарында санитарлық талаптардың сақталуы жіті бақыланады, — деді ол.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар өз баяндамасында көгалдандыру ісі мен экологиялық жобалардың барысын баяндады.

Биыл көктемгі отырғызу маусымында жаңа шағынаудандар мен негізгі көшелерге 3 мыңнан астам ағаш көшеті егілсе, күзгі маусымда қосымша 7 800 ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қала көшелеріне 22 мыңнан астам көпжылдық гүл егілген.

Жалпы, биыл Шымкент аумағында 40 мың шаршы метр жерге 1,6 миллион қызғалдақ отырғызылып, көктемде қаланың көркін айшықтайтын гүлзарлар саны айтарлықтай артты.

Қаланың экологиялық даму бағытын айқындайтын ірі жобалардың бірі – бұрынғы тұрмыстық қалдықтар полигонының орнында салынып жатқан “Экопарк”. Бұл аумақ алдағы уақытта шымкенттіктердің демалыс аймағына айналмақ.

Демеушілердің қолдауымен мұнда 5 мың ағаш отырғызылып, 13 гектар аумаққа автоматты суару жүйесі орнатылады. Сонымен қатар, 9 ұңғыма бұрғыланып, газондарды суаруға арналған инженерлік инфрақұрылым жаңартылады. Бұған қоса, 1 800 жеміс ағашы егілмек, ал 8 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізіледі.

Бұл жоба — қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға таза ауада серуендеуге, спортпен айналысуға қолайлы жаңа кеңістік қалыптастырады.

Жиын соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты басқарма басшыларына қаланың тазалығын сақтау және көгалдандыру жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

– Жайлы қала –  тек әкімдіктің емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі. Біз қала көшелерін, аулаларды, қоғамдық орындарды таза әрі көрікті ұстау арқылы өз мәдениетімізді көрсетеміз. Сол себепті, тұрғындармен бірлесе отырып, Шымкентті нағыз жасыл әрі жайлы қалаға айналдыруымыз қажет, – деді әкім.

Қаладағы су инфрақұрылымы жаңарып жатыр
Көксай: Қала құрылысының жаңа кезеңі басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу