Көксай: Қала құрылысының жаңа кезеңі басталды
Шымкентте ескі үйлер сүріліп, тұрғындарға заманауи пәтерлер берілуде. Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді.

Соның айғағы – Көксай шағынауданын қайта жаңарту жобасы. Халық арасында “Зеленая балка” деп аталып кеткен бұл аумақтың тарихы 1915 жылдан басталады. Қалада теміржол құрылысы басталған кезде мұнда алғашқы жұмысшылар мен олардың отбасылары қоныстанған.
Уақыт өте келе Көксай елдімекеніне «Нахаловка» атауы да берілген, себебі мұндағы көптеген тұрғын үйлер кезінде құжатсыз, өз бетінше салынған болатын. Ғасырдан астам тарихы бар бұл аймақ соңғы жылдары тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымның тозуына, көлік және инженерлік желілердің ескіруіне байланысты өзекті мәселелердің бірі саналды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен дайындалған Көксай шағынауданының жаңғырту тұжырымдамасы осы түйткілдерді кезең-кезеңімен шешуді көздейді. Тұжырымдаманың алғашқы кезеңі – тұрғындарды апатты көппәтерлі үйлерден жаңа, заманауи пәтерлерге көшіру.
Бүгін Нұрлыбаев көшесіндегі сегіз отбасы жаңа пәтердің кілтін қолдарына алды. Қала әкімі тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, баспаналарына береке мен жылулық тіледі. Әкімнің айтуынша, бұл – тек алғашқы қадам, алдағы уақытта аудан толықтай жаңартылады.
– Көксайда 9 көппәтерлі үй сүріліп, 83 отбасы жаңа баспаналы болды. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Біз мұндағы тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Жаңа пәтерлер тұрғындардың бұрынғы баспаналарындағы бөлме санына сай берілді. Ал бос қалған учаскелерде заманауи әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар бой көтермек. Атап айтқанда, аудандық әкімшілік ғимараты, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мектеп пен балабақша, саябақ, сондай-ақ көпфункционалды сауда-логистикалық орталық салу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда жобаның инженерлік желілері мен жол инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Құрылыс басқармасының мәліметінше, алдағы екі жылда бұл аумақта жаңа су, кәріз және жарық жүйелері толық жаңартылып, жаяу жүргінші және веложолдар салынады.
Көксайдағы жаңғырту тұжырымдамасы – Шымкент қаласының кешенді құрылыс және урбанистика даму жоспарының бір бөлігі. Бұл бастама тұрғын үй қорын жаңарту ғана емес, қаланың архитектуралық келбетін жақсартуға, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын арттыруға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар қала экономикасына да серпін береді. Құрылыс саласының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлер мен құрылыс компанияларына қосымша мүмкіндік туғызады.
Шымкент қаласы соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы көлемі бойынша республикада алдыңғы орындардың бірінде тұр. Тек биылдың өзінде 1,2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп көрсеткіш.
Көксайдағы жаңа пәтерлер – осы кең ауқымды қалалық жаңару үдерісінің бір бөлігі. Бұл бастама тек ғимараттарды жаңартумен шектелмей, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қаланың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған.


