Шымкентте әділ әлеуметтік қолдау жүйесі іске қосылды
Шымкент қаласы әлеуметтік әділеттілікті арттыру бағытында ел бойынша алғашқылардың бірі болып жаңа скорингтік модельді енгізді. Бұл жүйе әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға және мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа моделін қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, әлеуметтік жеңілдіктердің барлығы әділ және атаулы түрде көрсетілуі тиіс.
Осы тапсырма аясында Шымкент қаласында әлеуметтік скоринг жүйесі пилоттық жоба ретінде іске қосылды.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, бұл жүйе отбасының тұрмыс деңгейін деректер арқылы бағалайды.
– Жаңа модель тек қағаз жүзінде қалмай, нақты іске енгізілді. Қазір Шымкентте 11 мемлекеттік қызмет скоринг жүйесі арқылы ұсынылуда. Оның ішінде аз қамтылған оқушыларды тегін тамақтандыру, жатақханаға жолдама беру, тұрғын үй көмегін тағайындау, пәтер жалдау ақысын субсидиялау сияқты әлеуметтік қызметтер бар. Азаматтарға көмек алу үшін SMS арқылы келісім беру жеткілікті, – дейді ол.
Жүйе төрт негізгі факторды қамтиды: отбасының табысы мен мүлкі, материалдық емес жағдайлар (денсаулық, білім, жұмыспен қамтылу), тәуелділік жүктемесі және жасырын табыстар. Осы мәліметтерді талдау арқылы жүйе отбасыларды алты деңгейге бөліп, кімнің шын мұқтаж екенін анықтайды.
Мысалы, тұрмысы өте ауыр, күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар автоматты түрде жоғары басымдыққа ие болады. Ал тұрмысы тұрақты, қосымша табыс көздері бар азаматтар көмек алушылар тізімінен шығарылады.
Жаңа тәсіл бұрынғыдай қағазбастылықты азайтып, бюрократияны қысқартты. FSM Social мобильдік қосымшасы арқылы учаскелік комиссиялар отбасылардың жағдайын тексеріп, шешімдерді электронды форматта бекітеді.
«Отбасын қолдау орталығы» директорының орынбасары Әбдішакир Икрамханның айтуынша, жүйе іске қосылғалы бері 2 260 отбасы туралы ақпарат тіркелген. Оның ішінде 1 817 отбасы нақты кеңес алып, 659-ына нақты көмек көрсетілді.
– Бұл жоба тек материалдық қолдау емес, сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен балалардың құқығын қорғауға да әсер етуде. Ең бастысы – әлеуметтік көмекті шын мұқтаж адамға жеткізу, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе жалған кедейлік пен әлеуметтік масылдықтың алдын алып, әділдікті қамтамасыз етеді.


