Жайықтан жеткен өнер керуені Шымкент төрінде «Жұбан» поэтикалық драмасын сахналады
Қазақ руханияты мен өнері, өткен мен бүгінді жалғап, келешекке жол сілтейтін қазынасының шынайы көрініс табатын киесі сахнаның бірі – театр сахнасы.

Жуырда Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 33-маусымы Шымкентке гастрольдік сапарымен басталды. Аталған театр Шымкент көрермендеріне Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Жұбан» спектаклі сахналаған болатын.
Бұл қойылым – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлтжанды ақын Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған. «Мен – қазақпын!» деп ұлттың рухын асқақтатқан ақынның тұлғалық болмысын, азаматтық үнін сахна арқылы қайта жаңғырту – тек өнер адамдарының еңбегі ғана емес, тұтас ел руханиятының жеңісі деуге болады. Қойылым авторлары – «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегерлері Ақұштап Бақтыгереева мен Мадина Омарова. Қоюшы режиссері – «Алаш» сыйлығының иегері Гауһар Адай. Қоюшы және киім суретшісі – Гүлдана Алина.
Шымкентке ат арылтып келген Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қызметкерлері қойылым алдында жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз отырысын өткізді. Аталған брифингте Х.Бөкеева атындағы бқо драма театрының директоры Нұржан Тасболатов мұндай ірі іс-сапарларға 3 жылдан бері шығып жүргенін айтты.
– Сонау ерке ақ Жайықтан, шырайлы Шымкентке келіп отырмыз. Бұл сапарымыз жоспарлы. Халықаралық гастрольіміз Шымкент қаласынан бастау алып отыр. Бұдан кейін 7-10 қазан аралығында Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрда, 12-13 қазанда Бішкек қаласындағы Ұлттық театрда іс-сапарымыз жалғасын табатын болады. Содан соң Түркістан қаласында өтетін Халықаралық фестивальге қатысамыз. Үш жылдан бері осындай үлкен гастролдьдік сапарларға шығып келеміз, – деді Н.Тасболатов.
Театрдың бас режиссері Алмат Шарипов аталған қойылымның алған Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қойылғанын айтты.
– Биыл өздеріңіз білесіздер, елімізде Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы, Қадыр Мырзәлиевтің 90 жылдығы аталып өтіп жатыр. Біз Шымкент жұртшылығына «Жұбан» поэтикалық драмасы мен балаларға арналған «Жалқаудың жыры» деген қойлымын алып келдік. Шымкент біздің гострольдік сапарымыздың алғашқы нүктесі. Шымкенттен соң Алматыға жол жүреміз.
Жалпы «Жұбан» спектаклі осыдан бес жыл бұрын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай алғаш қойылған. Содан бері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, оң бағасын алып келеді. Театрымыздағы өңірге белгілі спектакльдердің бірі десек болады, – деді А.Шарипов.
Сезім МЕРГЕНБАЙ


