Ұлттық намысты оятқан қойылым
Жуырда Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ұжымы Шымкент қаласына «Жұбан» қойылымын алып келген болатын.

Бұл қойылым көрерменге ақынның ішкі әлемін, өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, ұлттық намысты оятқан биік рухын терең әсермен жеткізуге тырысқан. Сахналық шешімдер мен актерлік шеберлік үйлесім тауып, көрерменнің жүрегіне жол тапты
«Жұбан» – тек бір ақынның тағдыры емес, бұл – тұтас қазақ халқының рухани тарихы, ұлттың азаттығы мен еркіндігі жолындағы күресінің көрінісі. Басты рөлді, яғни Жұбанның рөлін сомдайтын актер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев спектакльде өткен ғасырдың күрделі кезеңдері, азаматтық ұстаным мен ар-ождан мәселелері көркем түрде бейнеленгенін айтты.
– Біздің үлкен гастрольдік сапарымыз Шымкенттен басталып жатыр. Шымкент жақсы қарсы алды. Қойылымның авторлары – Ақұштап Бақтыгереева мен Мадина Омар, қоюшы режиссері – Гауһар Адай, суретшісі – Гүлдана Алина.
Қойылымның жүріп келе жатқанына 5 жылдың жүзі болды. Бұл қойылыммен біз Атырауда өткен үлкен фестивальге де қатыстық, лауреат атандық. Жұбанның анасының рөлін сомдаған Нұрлыгүл Жұбатова – «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинациясына, бала Жұбанды сомдаған – Рауан Таймас – «Ең үздік ер адам бейнесі» марапатына ие болды.
Қойылымда Жұбанның өмірбаяны толықтай баяндалады деуге болады. Сонау бала кезінде татқан қиыншылығы мен бала Жұбанның өсе келе ақын Жұбанға айналуы, әскерге аттануы, сұрапыл соғыс кезіндегі руһы, соңында 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде танытқан қайраткерлігі көрсетіледі. Оның сол кезде елдің көкейіндегі сөзді бұқпай Колбиннің бетіне айтуы көп адамның, көп қаламгердің қолынан келе қоймады. Оны айту үшін руһ керек, жүрек керек. Сол руһ, сол жүрек Жұбанның бойынан табылған екен.
Жұбан Молдағалиев – күні кешеге дейін, 20-ғасырдың соңына дейін халықтың көз алдында болған тұлға. Оның дауысы да, түр-тұлғасы да халықтың жадында. Сондықтан тарихи тұлғаның рөлін ойнау қай актерге де жеңіл емес. Ал мұндағы мақсат – Жұбанның жүріс-тұрысын, мимикасын тірілтіп әкелу емес, мұндағы мақсат – Жұбанның ішкі рухын көрерменге паш етіп, қазақтың руһын көтеру. Мен 5 жыл бұрын қойылым алғаш қойылғаннан бастап қайраткер Жұбанның рөлін ойнап келемін. Ал бағасын көрермен береді, беріп те келеді, – дейді Т.Матаев.
Шымкент көрермендері үшін бұл қойылым өнер арқылы өткенге тағзым, болашаққа сенім сыйлаған ерекше сәт болды. Театрдың осындай сапарлары – ел мәдениетінің біртұтастығын, ұлттық өнердің шекарасыз.
Сезім МЕРГЕНБАЙ


