Театр – рухани даму мен ұлттық рухтың тоғысы

Oinet.kz 10-10-2025 23

Бүгінде қоғамның рухани дамуы мен жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру ел болашағы үшін маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Ал бұл маңызды міндеттерді атқару жолында театрдың алар орын бір төбе. Себебі, театр – тек өнер ошағы емес, ол адам жанына ой салып, ұлттық рухты оятатын тәрбиелік күш.

3. Театр – рухани даму мен ұлттық рухтың тоғысы.jpg

Жуырда Шымкентке Астаналық «Жастар театры» бірнеше күнге іс-сапармен келіп, қала тұрғындарын әдемі әсер мен ерекше көңіл-күйге бөлеп кеткен болатын. Атап айтсақ, «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклін, «Мың бір түн» атты аңыз желісімен қойылған спектаклін, «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты әуенмен әуелеген қойылымын қойды. Театр жанкүйерлері астаналық ұжым қойылымдарын қалалық орыс драма театры ғимаратында тамашалады.

Осы тұрғыда Астаналық «Жастар театрының» Шымкент қаласына іссапармен келуі мәдени өмірдегі елеулі оқиға ғана емес, сонымен қатар «Рухани құндылықтар және патриоттық тәрбие» бағытын дамытуға қосылған зор үлес екенін айта кеткеніміз жөн. Себебі, «Жастар театрының» сахнаға алып шыққан қойылымдары көрерменге адамгершілік, әділдік, елжандылық және бірлік сынды мәңгілік құндылықтарды да дәріптеді. Осындай шығармалар арқылы жастар ел тарихын, ұлт тұлғаларының ерлігін және тәуелсіздіктің қадірін терең ұғынады.

Шымкент қаласына жасалған бұл сапар мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтып, рухани алмасуға, шығармашылық ынтымақтастыққа жол ашты. Астаналық актерлер мен жергілікті өнер иелерінің өзара тәжірибе бөлісуі – қазақ театр өнерін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізді.

Сонымен қатар, театр көрермені қатарында болған жас буын үшін бұл кездесулер – патриоттық тәрбиенің өмірлік сабағы іспетті. Өнердің тілімен жеткізілген рухани идеялар олардың бойында туған жерге сүйіспеншілік пен ұлттық мақтаныш сезімін күшейтеді. 

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Ұлттық намысты оятқан қойылым
Ернар Жұматаев: «Шымкент қаласының өнерге деген құрметі бөлек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу