Ернар Жұматаев: «Шымкент қаласының өнерге деген құрметі бөлек»
Астаналық «Жастар театрының» Шымкент қаласына іс-сапары – мәдени өмірдің жарқын оқиғасы болды. Бұл сапар тек шығармашылық алмасу ғана емес, сонымен қатар рухани байланыс пен ұлттық өнердің жаңа серпіні іспетті.

Осы сапар аясында театрдың талантты актерінің бірі Ернар Жұматаевпен театр өнері туралы, Шымкент халқының қарқынды мәдени даму жолына түскені жайлы, театрдың рухани құндылықтарды сақтаушы қара шаңырақ екендігі жайлы аз-кем сұқбаттасқан едік. Ернар Жұматаев қазақ халқының рухани дамуы мен ел тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ұлттық болмысын ілгерілету ісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар Шымкент халқының өнерге деген ыстық ықыласы әр келген сайын тәнті ететінін де айтты:
– Жалпы Шымкент қаласының өнерге деген құрметі бөлек, мәдениеті ерекше. Мұнда қыста келсек те, жазда кесек те халқының ықылыласы бірыңғай ыстық қалпынан айныған емес. Үнемі сол ыстық ықыласымен, құрмет-қошеметімен қарсы алып жатады.
Біз биыл іс-сапармен Өзбекстан Республикасына барып қайттық. Ташкент, Самарқанд, Каттақорған қалаларына барып, сол сапардан елордамызға қайтпай тұрып Шымкентке соққанды жөн көрдік. Себебі, Шымкентте қазір күн қатты ыстық та емес, қатты суық та емес, жеміс-жидектің самсап піскен берекелі шағы қой. Сондықтан осы уақытта Шымкенттегі көрермендерімізбен дидарласамыз, қойылымдарымызбен қуантамыз деп о бастан жоспарлап қойған едік.
Спектакльдеріміздің барлық дерлік сеанстары өз деңгейінде өтті. Шымкент халқы өте белсенді ғой, кез келген іс-шарадан табылып жатады. Әсіресе менің риза болғаным Шымкент тұрғындары театрға үйдегі аналарын, әкелерін, жеңгелерін ерте келеді. Бұл Шымкентте ұрпақ сабақтастығының жалғасып жатқандығын, барлық буынның рухани құндылықтарға бей-жай қарамайтынын көрсетеді деп ойлаймын, – деді актер.
Сұқбаттың соңын Ернар Жұматаев:
– Егер біздің өнеріміз көрерменді ел тарихын, өз тегін, ұлттық мәдениетін қадірлеуге жетелесе – бұл біздің ең үлкен жетістігіміз, – деп түйіндеді.
Сезім МЕРГЕНБАЙ


