Шымкент әкімі қаланы аралап, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты
Шымкент қаласында әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс сапары барысында энергетика, спорт, жол және тұрғын үй-коммуналдық салаларындағы маңызды нысандарды аралап, олардың жағдайымен танысты.

Алдымен шаһар басшысы «З-Энергоорталық» АҚ-на барып, жылу электр орталығының техникалық жағдайын тексерді. Бұл кәсіпорын қаланы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар нысан болып табылады. Әкім орталықтың алдағы жылыту маусымына дайындығын пысықтап, жауапты мекемелерге ТЭЦ-тің тұрақты жұмысын және тұрғындарға үздіксіз жылу жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Келесі нысан — «Маятаc» тұрғын алабындағы су спортына арналған жаттығу базасы болды. Мұнда каноэ және байдарка спортына арналған инфрақұрылым салынып жатыр. Сонымен қатар, қала басшысы «Ордабасы» футбол клубының жаңа жаттығу базасының құрылыс барысын көріп, спорт басқармасына нысанды қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл жобалар — Шымкенттің спорттық әлеуетін арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды бастамалар.
Сонымен бірге, Ғабит Сыздықбеков Бозарық және Ынтымақ шағынаудандарындағы жол жөндеу жұмыстарын тексеріп, мердігер мекемелерге сапа мен мерзімді сақтау бойынша нақты тапсырма берді. Республика даңғылы бойындағы көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындық барысын да бақылап, жауапты қызметтерге қысқа дейін барлық опрессовка және жөндеу жұмыстарын аяқтауды міндеттеді.
Қала әкімі жұмыс сапарын Орталық саябақта аяқтады. Мұнда әлеуметтік жауапкершілік аясында салынған жаңа заманауи субұрқақтың іске қосылу рәсімі өтті. Бұл нысан енді қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып, саябақтың көркін арттырады.
Шымкент бүгінде еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан мегаполисінің бірі. Инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік нысандардың көбеюі — қаланың экономикалық қуатын арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.
Мұндай кешенді шаралар Шымкентті тек өндірістік және инвестициялық орталық қана емес, сонымен бірге спорт, мәдениет және демалыс қаласына айналдыруға мүмкіндік береді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалар мен қолға алынған жобалар — Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының нақты дәлелі. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, мегаполистің заманауи және жайлы өмір сүруге лайық қала ретінде қалыптасуына жол ашады.


