Шымкенттің өндіріс қуаты артып келеді
Шымкент соңғы жылдары еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өнеркәсіп орталықтарының біріне айналды. Қалада жаңа зауыттар ашылып, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары өз қуатын ұлғайтуда.

Әсіресе резина, пластмасса, бейметалл минералдық өнімдер мен мұнай өңдеу және металлургия салаларында айтарлықтай өсім байқалады. Бұл көрсеткіштер Шымкенттің өнеркәсіп картасындағы беделін нығайтып қана қоймай, экономиканың нақты секторындағы тұрақтылықтың дәлелі болып отыр.
Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы нәтижелерге сүйенсек, резина және пластмасса бұйымдарын өндіру көлемі 21,9 пайызға, өзге де бейметалл минералдық өнімдер өндірісі 20 пайызға, мұнай өнімдерін қайта өңдеу 15,9 пайызға, ал металлургия саласы 4,5 пайызға артқан. Бұл – бір жыл ішіндегі жоғары көрсеткіш. Сарапшылар мұны өндіріс орындарының жаңаруымен, заманауи технологияның енгізілуімен және инвестициялық климаттың жақсаруымен байланыстырады.
Резина және пластмасса бұйымдары өндірісі бүгінде құрылыс пен тұрмыстық саладағы сұранысты қамтамасыз етуде. Қаладағы кәсіпорындар пластикалық құбырлар, тұрмыстық ыдыстар, техникалық бөлшектер мен қаптама материалдарын шығарады. Бұл бағыттағы өндіріс соңғы жылдары экологиялық қауіпсіздік пен қайта өңдеу технологияларына да назар аударуда. Кейбір кәсіпорындар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жаңа өнім шығаруға көшіп, «жасыл өндіріс» қағидаттарын енгізіп келеді.
Бейметалл минералдық өнімдер өндіру саласы да қарқынды дамып келеді. Бұл бағытқа құрылыс индустриясының дамуы тікелей әсер етуде. Қаланың индустриялық аймақтарында цемент, әйнек, кірпіш, құрылыс плиталары және басқа да минералдық материалдар шығаратын зауыттар табысты жұмыс істеп жатыр. 20 пайыздық өсім – құрылыс материалдарына деген тұрақты сұраныс пен өндірістің тиімділігінің артуының нәтижесі.
Мұнай өнімдерін қайта өңдеу саласы – Шымкенттің өнеркәсіп құрылымындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Мұндағы зауыттар жоғары сапалы жанармай мен техникалық майлар шығарып, ішкі нарықты қамтамасыз етуде. Қайта өңдеу технологиясының жетілдірілуі мен экологиялық стандарттардың сақталуы өндіріс сапасын жаңа деңгейге көтерді. Қаладағы мұнай өңдеу зауыты бүгінде халықаралық стандарттарға сай өнім шығарып, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.
Металлургия саласы да өз әлеуетін көрсетіп келеді. Биыл саладағы өндіріс көлемі 4,5 пайызға өсті. Бұл бағыттағы кәсіпорындар металл құймалары мен конструкцияларын, сонымен қатар машина жасау саласына арналған бөлшектерді өндіреді. Металлургия – ауыр өнеркәсіптің іргетасы. Сол себепті оның тұрақты дамуы бүкіл өңдеу саласының өсіміне серпін береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай оң көрсеткіштердің басты себебі – өндіріс орындарына бағытталған мемлекеттік қолдау. Инвестициялық жобаларға салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылымдық көмек көрсету, сонымен қатар “бір терезе” қағидаты бойынша жұмыс істейтін “Shymkent Invest” фронт-офисінің белсенді қызметі кәсіпкерлер үшін тиімді жағдай туғызды.
Бүгінде Шымкенттің индустриялық аймақтарында ондаған жаңа жобалар іске асып жатыр. Олардың көбі пластмасса, құрылыс материалдары және химиялық өнімдер шығару саласына тиесілі. Бұл өз кезегінде импортты алмастырып, отандық брендтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.


