Шымкент өнімдері шетелге жол тартуда
Қазақстанның үшінші мегаполисі соңғы жылдары өндіріс қарқынын үдетіп қана қоймай, өз өнімін шетел нарығына шығарып келеді. Қалада жасалған тауарлар бүгінде көршілес елдерде ғана емес, әлемнің бірнеше мемлекетінде сұранысқа ие.

Бұл – кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің, сапаға деген жауапкершілігінің және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының сыртқы сауда айналымы 1 миллиард 76,2 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 262,6 миллион доллар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 389,4 миллион доллармен салыстырғанда 67,4 пайыздық деңгейде сақталып отыр. Сарапшылар мұны әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен кейбір елдер арасындағы сауда шектеулерінің әсерімен түсіндіреді. Дегенмен, шымкенттік өнімнің сыртқы сұранысы жоғары болып қалып отыр.
Экспорттың негізгі бөлігі тамақ және химия өнеркәсібі, мұнай өнімдері, пластмасса бұйымдары, құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп тауарларынан тұрады. Әсіресе соңғы жылдары өңдеу саласындағы кәсіпорындар өз өнімін сыртқы нарыққа бейімдеуді жақсы меңгерген. Қазір шымкенттік зауыттардың өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай және Түркия нарығына тұрақты түрде жеткізілуде.
Экспорт көлемін ұлғайту мақсатында қалада нақты жүйе қалыптасқан. Соның бірі – «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы жүзеге асырып жатқан экспорттық акселерация бағдарламасы. Бұл жоба халықаралық нарыққа шығуға дайын кәсіпорындарға кешенді қолдау көрсетеді. Биыл осы бағдарламаға Шымкент қаласынан 9 компания іріктелді. Олар өнімдерінің сапасын халықаралық стандартқа сай ету, логистиканы жетілдіру және шетелдік серіктестермен тікелей байланыс орнату бағытында оқытудан өтуде.
Сонымен қатар, қаладағы 6 кәсіпорын жыл басынан бері әртүрлі сауда-экономикалық миссияларға қатысып, өнімдерін шетелдік инвесторлар мен дистрибьюторларға таныстырды. Бұл миссиялар экспортты дамытудағы маңызды тетік. Себебі өндірушілер үшін шетелдік нарықпен тікелей байланыс орнату, серіктестік келісімге келу, өнімнің шекара асып шығуының басты шарты.
Қаржылық тәуекелдерді азайту үшін мемлекет тарапынан да нақты қолдау бар. «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ Шымкенттен ұсынылған 5 кәсіпорынның өтінімін мақұлдап, жалпы сомасы 9,1 миллиард теңгені құрайтын өнімдерді сақтандыруға міндеттеме алды. Бұл тетік кәсіпкерлер үшін үлкен сенімділік пен қауіпсіздік береді. Себебі экспорт барысында әртүрлі тәуекелдер туындауы мүмкін – ал сақтандыру жүйесі сол қиындықтардың алдын алады.
Бүгінде Шымкенттің экспорттық әлеуеті тек дайын өніммен шектелмей, шикізатты терең өңдеу бағытына қарай дамып келеді. Индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда іске қосылған жаңа жобалар да алдағы уақытта сыртқы нарыққа бағытталмақ. Қала әкімдігі мен кәсіпкерлікті дамыту басқармасы экспортқа бейім кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, халықаралық көрмелер мен форумдарға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп отыр.


