Индустриялық инфрақұрылым даму жолында

Oinet.kz 28-10-2025 12

Шымкент қаласы соңғы жылдары өндіріс пен инвестицияның орталығына айналып келеді. Бұл өзгерістің негізінде индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар тұр. 

Screenshot_18.jpg

Қала билігі өндіріс орындарына қажетті инженерлік инфрақұрылым тартып, кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыруда.

Бүгінде индустриялық аймақтардағы инфрақұрылым тарту ісі қарқын алған. Электр желілері, су және кәріз жүйелері, газ құбырлары мен жол инфрақұрылымы толық жаңартылған. Мұндай жағдай өндіріс нысандарын ашуға, жаңа жобаларды орналастыруға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп отыр.

Шымкенттің өндірістік әлеуетін күшейтіп отырған басты орталықтардың бірі – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы. Бұл аймақтың негізгі мақсаты – өңірдің өнеркәсіптік қуатын арттыру, жеңіл және химия өнеркәсібін, сонымен қатар машина жасау саласын дамыту. Мұнда кәсіпорындар толық инженерлік желілермен қамтамасыз етілген: электр, су, газ, кәріз және теміржол инфрақұрылымы толық жұмыс істейді.

Индустриялық алаңның мүмкіндігі шектеусіз. «Оңтүстік» АЭА-да бүгінгі таңда инфрақұрылым қуатының жүктемесі 75,5 пайызға жеткен. Бұл аймақтың тиімді пайдаланып жатқанын көрсетеді. Мұнда жеңіл өнеркәсіптен бастап, құрылыс материалдары мен медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорындар табысты еңбек етуде.

Қала экономикасына серпін беріп отырған тағы бір маңызды өндірістік нүкте – «Тассай» индустриялық аймағы. Оның негізгі бағыты – жиһаз, медициналық бұйымдар, азық-түлік, құрылыс материалдары және машина жасау салалары. Бұл аймақта да толық инфрақұрылым тартылған: электр энергиясы, су мен кәріз желілері, газ құбырлары және жол торабы толық қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда «Тассай» индустриялық аймағының инфрақұрылым қуатының жүктемесі 38,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш аймақтың әлі де даму әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді. Ал аумақтың 100 пайызы игерілген – яғни барлық жер өндірістік мақсатқа жұмсалып отыр. Бұл аймақтың басты артықшылығы – қолайлы орналасуы мен логистикалық тиімділігі. Шикізат жеткізу мен дайын өнімді тасымалдауға қажетті жол қатынасы барынша ыңғайлы.

Индустриялық аймақтар тек өндірістің орталығы ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытудың қозғаушы күші болып отыр. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері ірі өндіріс орындарымен қатар жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Инфрақұрылым толық дайын болғандықтан, кәсіпкерлер өз жобаларын қосымша шығынсыз, қысқа мерзімде іске қоса алады.

Шымкент қаласының әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруда. Қалада жаңа инженерлік желілер тартылып, қолданыстағы инфрақұрылымның қуаты арттырылуда. Сондай-ақ, кәсіпорындарға арналған қосымша өндірістік аумақтар ашу жоспарланып отыр. Бұл шаралар жаңа инвестиция тартуға және қала экономикасын әртараптандыруға жол ашады. Ал толық инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бұл аймақтардың болашағын айқындап отыр.

Шымкент өнімдері шетелге жол тартуда
Шымкенттегі индустриялық аймақтарда құрылыс қарқыны күшейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу